Туристердің үй табуына көмектесер топ 8 сервис
Ең танымал әрі сынақтан өткен сайттар мен қолданбалар
Әр сапарымызға кететін ақшамыз көптеген факторға байланысты: билет бағасы, баратын жер, баспана ақысы. Мына мақалада міндетті түрде үш атақты сервис (Airbnb, CouchSurfing, Booking) туралы айтамыз, бірақ басқа да вариантыңыз болсын деп тағы бес сервис қосамыз.
Сервис таңдарда неге мән беру керек?
Баспана таңдау — көптеген факторын ескеруіңіз керек процесс. Бағаға, орналасқан жері мен брондау мүмкіндігі бар-жоғына қарайсыз. Ондай сервис таңдарда оның сенімділігі, ыңғайы мен түсінікті интерфейсі, брондау процесінің оңайлығы мен қолданба бар-жоғына мән беріңіз. Енді осы белгілерге қарап сізге сегіз сервис тізімін жасадық, артықшылығы мен кемшілігін де айттық. Қажетіңізге жаратарсыз.
airbnb
«Эйрбиэнби» пәтер я бөлме іздегендерге ең керемет сервис шығар: вариант көп, пәтерді түгелдей я бір бөлмесін жалға алуға болады, бағасы ұтымды, интерфейсі де жақсы. airbnb-де пәтерден бөлек жер үй, қамал, ағаш үй, бунгало, ағашқа салынған үй, қараусыз қалған ұшақ пен кемелердің ішіне салынған үй де таба аласыз. Бұл сервистен әр бағаға баспана таба аласыз.
Аirbnb артықшылықтары
- 62 тілге аударылған.
- Мұнда пәтер қонақүйлерге қарағанда әлдеқайда арзан. Мысалы, Ыстамбұлдың Қаракөйінде баспана бір түнге 31 долларға шығады, ал booking.com-да Таксимде екі жұлдызды қонақүйде бір рет түнеу 156 долларға шығады. Пәтердің қонақүйден тағы бір артық жері: онда тоңазытқыш, кір жуғыш машина, кең жуынатын бөлме болады.
- Іріктеу жүйесі жақсы. Түркиядан вилла, Шри-Ланкадан гләмпиң, Чехиядан үйшік іздеуге болады. Мүгедіктігі барларға да түрлі вариант табылады. Мысалы, іріктеуден «Ым тілі» опциясын таңдасаңыз болады.
- Үйде міндетті түрде Wi-Fi болады. Қашықтан жұмыс істеп жүргендерге ыңғайлы болары анық. Әр үйдің ақпаратында интернет жылдамдығы жазылады. Оған да мән беріңіз.
- Үйдің айналасында қызық не барын көрсетеді: көрікті жерлер, экскурсия, гастрономиялық турларды «Әсерлер» айдарынан таба аласыздар.
Аirbnb кемшіліктері
- Комиссиясы бар, бір бөлігін алдын ала төлеп қоюыңыз керек. Комиссияны үй иесі де, қонақ та төлейді. Мөлшері — 6-12%.
- Қайтару ережелері ыңғайсыз. Кей апартаменттің ақысын тек 48 сағат ішінде керіп алып үлгеріп қалуыңыз керек.
- Кейін брондарар алдында үйдің иесіне хабарласу керек. Мысалы, үй бос па, жоқ па деп. Хост орысша не ағылшынша түсінбесе жағдай мүлдем қиын. Қолданба аударған фразаларды айта аласыз, олар бірақ айтқаныңызды дәл жеткізбеуі мүмкін.
- Баспанаға жайғасарда мәселе тууы мүмкін. Себебі онда тіркеу үстелі болмайды, ал орналасуға белгілі бір уақыт беріледі. Кеш барсаңыз, үстінен ақы алуы мүмкін. Барар алдында үйдің иесімен уақыты жайында келісіп алуға тиіссіз.
- 2-3 күн тұрсаңыз, кей апартаменттің жинау қызметі болмайды. Ал одан көп күн тұрсаңыз, үй жиналады.
Booking.com
Booking.com — қонақүй мен хостел брондайтын №1 сайт. Мұнда дүниежүзінің курорт қонақүйлер, хостелдер, гләмпиң мен апарт қонақүйлері тізілген. Ыңғайлы іріктеу жүйесі, тегін бас тарту, нөмірге түрлі қызмет алдыру — бәрі бар. Одан бөлек онда өзге туристермен араласып, пікір алмаса аласыз.
Booking.com артықшылықтары
- 43 тілге аударылған.
- Қонақүйдің түр-түрі бар. Мұнда дүниежүзінің 660 мың қонақүйінен бөлме жалға алуға болды.
- Төмен баға. Одан да төмен бағаға қонақүй тапсаңыз, Booking сізге айырмасын қайтарады.
- Комиссия жоқ, компания күн сайын арнайы акциялар өткізеді.
- Алдын ала төлемеу мүмкіндігі бар. Кей бөлмені жайғасарда брондауға болады. Шаруаңыз шықса не оқыс жағдай болғанда таптырмас мүмкіндік.
- Жайғасардан 24 сағат бұрын тегін бас тартуға болады. Бірақ кейде мұндай мүмкіндік болмауы да мүмкін. Оның бәрі маусымға я қонақүйге байланысты болады. Мысалы, Түркияда маусым қызып тұрғанда бөлмеден тек 3-7 күн қалғанда бас тарта аласыз.
Booking.com кемшіліктері
- Иелері қонақүйлерін асыра мақтап сипаттауы мүмкін. Мұндай жағдай қонақүйге жұлдыз қалай болса солай берілетін елдерде көп кезігеді. Мысалы, төрт жұлдызды деген қонақүй жөнделуі керек екі жұлдызды қонақүй боп шығуы ғажап емес. Сондықтан өзге тұрғындардың пікірлерін оқыңыз, қонақүйдің рейтиңіне қараңыз!
- Қолдау қызметі нашар. Негатив.ру сайтында соған қатысты түрлі теріс пікірлер бар. Біреулер мәселесі ұзақ шешілгенін, біреу мүлдем шешілмегенін айтады.
CouchSurfing
Каучсөрфиң — жергілікті жұрттан тегін уақытша баспана сұрауға болатын сервис. Өзіңіз де осы сайт арқылы өзгелерді үйіңізге тегін кіргізе аласыз.
Осы сервиске ұқсас сайттар көп, мәселен, велосипедшілерге арналған Warmshowers пен әйелдерге арналған Welcome Women бар. 20 жыл бұрын ашылған Couchsurfing ниеті бір саяхатшыларға арналған сайттардың үздіктерінің бірі боп саналады.
CF-тен үй табу үшін әуелі тіркелуіңіз керек, кейін хосттарға сұрау жіберуіңіз қажет.
CouchSurfing артықшылықтары
- Сайттың арқасында шетелде тегін тұра аласыз. Әрине, кейбір саяхатшы хосттарға рақмет ретінде сыйлық апарған жөн дейді, десе де каучсөрфиң қонақүй не пәтер жалға алғаннан арзан шығады.
- Өзге елдің мәдениетін көріп, жаңа дос табуға болады. Жергілікті жұрт сізге сол жердің тарихын айтып береді, қызық жерлерге апарады, түрлі кеңес айтады.
- Шет тілінде сөйлейсіз, жетілдіресіз.
CouchSurfing кемшіліктері
- Бейтаныстың аты бейтаныс. Қауіпті болуы мүмкін. Десе де ресурс клиенттерінің амандығын ойлап, түрлі шара жасайды: тіркегенде тексеріп тіркейді, туристердің пікірлерін көрсетеді, басқа адамдардан кепіл сұрайды. Сіз де сақтану үшін үйдің иесімен жеке кездескен адамдардың пікіріне мән беріңіз. Ондай пікірлердің жанында «Адам» деп жазылып тұрады, ал егер интернетте сөйлескен болса «Компьютер» деп тұрады.
- Комфорт жоқ. Әр үй ыңғайлы болады деп үміттенбеңіз. Әсіресе Латын Америкасы не Оңтүстік-Шығыс Азияға бармақ ойыңыз болса.
- Хостқа тәуелді болып қаласыз. Кейде кейбір үй иесі жұмысқа кетерде кілт қалдырғанды жақтырмайды, сондықтан хосттың кестесіне сай жүруге тура келеді.
Vrbo
Vrbo сайтында үй, пәтер, коттедж, шале, бунгало, вилла, тіпті яхта, қамал мен мұналар жалға беріледі. Сервис Берлинде достарыңызға күшті отырыс ұйымдастыруға, Балиде үй ішіңізге үлкен таунхаус жалға алуға көмектеседі.
Vrbo артықшылықтары
- Пәтер, апартамент, үй көп. 100 елден 800 мың ұсыныс бар.
- Әр пәтердің өз менеджері (property manager) болады. Ол сізге үйге қатысты кез келген мәселеңізді шешуге көмектеседі.
- Броньнан бас тартуға болады.
- Үй иесі тұруға болмайды деп шықса, басқа пәтер жалға ала аласыз. Менеджерлер талаптарыңызға қарап басқа вариант тауып береді.
- Төлем туралы ақпарат қорғалады.
Vrbo кемшіліктері
- 21-ақ тілге аударылған, орыс тілі жоқ.
- Кей үй иесі ақыны сайт арқылы емес, басқа амалмен төлеңіз деп сұрауы мүмкін.
- Брондағанда міндетті түрде депозит бересіз. Ол үйді сол күйі қайтарып берсеңіз ғана қайтарылады.
Homestay
«Хоумстей» — ақша үнемдегісі келетіндерге арналған сайт: онда бөлек бөлме жалға алуға болады. Қазір Homestay 160 елде бар, орташа ақысы — бір түнге 30$. Сайтта әр ұсыныстың бағасын теңгеге ауыстыруға болады. Айтпақшы, Хоумстей шетелде оқып жүргендерге таптырмас мүмкіндік. Бөлмелерді бір ай, тіпті бір жыл жалға алуға болады.
Homestay артықшылықтары
- Арзан тұру. Тексерістен өткен хосттардан бір бөлме жалға аласыз.
- Бөлме көп: 176 елден 63 мың бөлме бар.
Homestay кемшіліктері
- Бөлме туралы ақпарат аз. Мысалы, терезесі қайда қарап тұрарын білмейсіз.
- Қолдау қызметі нашар. Бірнеше турист қолдау қызметінен дұрыс көмек ала алмадық дейді.
vacasa
Vacasa — қалтасы көтеретін, үй ішімен бірге сапар шегетіндерге арналған сайт. Америка мен Еуропаға барғысы келетіндер баспанасын Vacasa-дан іздегені жақсы: керемет нұсқалар көп. Мысалы, көл жағасынан, тау етегінен үй жалға аласыз. Айтпақшы, онда Палм Спрингсте Palm Springs фильміндегідей қожалық жалға беріледі.
vacasa артықшылықтары
- Үйлерді тазалық компаниясы тазалайды.
- Брондар алдында үйлерді 3D турдың көмегімен қарап алуға болады.
- Кей үйде тоңазытқыш тамақ толы болады.
Минусы vacasa
- Үш-ақ тілге аударылған, орыс тілі жоқ.
- Қолдау көрсетіледі дейді, бірақ шынында олай емес. Сайт туралы пікір қалдырғандар көмек көрсетілмегенін айтады.
kid and coe
Kid and coe — бала-шағасы барларға арналған сайт. Оны кейде «Балалыларға арналған Airbnb» деп атайды. Сервис балаларға арналған үстелшелер, манеж, ойыншық пен кітапқа толы бөлмелері бар үйлерді көрсетеді. Бұл опцияны kid and coe қашықтан оқып жүрген балаларға арнап енгізген.
Тағы бір ұтымды тұсы: хост балаларды қай жаққа апарып қыдыртуға болатын айтады, кеңес береді.
kid and coe артықшылықтары
- Балалардың бәріне жағдай жасалған: ойнайтын бөлме, арнайы ыдыстары мен үстелшелері бар асүй, онлайн оқуға арналған бөлме.
- Хосттан көлік жалға алу мүмкіндігі бар.
- Жайғасардан алты ай бұрын броньды жойып, ақысын қайтарып ала аласыз.
kid and coe кемшіліктері
- Тек ағылшын тілінде.
- Вариант аз. 50 ел, 1000 үй. Олардың көбі Америка мен Еуропада.
- Бұл артықшылық та шығар, бірақ әр үйді түрлі маман қарап, тұтынушыларға ыңғайлы боларын-болмасын тексереді.
THE PLUM GUIDE
«Плам Гайд» — іріктелген пәтерлер мен коттедждер жалға берілетін сайт. Сервистің қызметкерлері сайтқа өтінім берген әр үйде я апартментте уақытша тұрып, жағдайына баға береді. Сайтта не жоқ десеңізші, бәрі бар: Бәтмән әлемінен шабыт алып салынған үй, Тахо көлінің жағасындағы ағаш коттедждер, Грекиядағы тастан салынған үй-жайлар, Италиядағы кең виллалар.
THE PLUM GUIDE артықшылықтары
- Тексерілген үйлер. Әр үй мен пәтер жіті төрт фазалы тексерістен өтеді. Оларға сервистің мамандары, тәуелсіз сыншылар мен қолданушылар баға береді. Қорытындысы 150 белгіле қарап шығарылады.
- Клиенттерге тоқтаусыз көмек көрсетіледі.
Минусы THE PLUM GUIDE
- Сайт тек ағылшын тілінде.
- Бөлме жалға алу мүмкіндігі жоқ, үйді не пәтерді түгелдей жалға алуыңыз керек.
- Сайттан пікірлер таба алмайсыз. PLUM GUIDE клиенттер пікірі мен рейтиңін көрсетпейді, қағидасы сондай. Сайтта тұрған ұсыныстар мұқият тексерістен өткендіктен жоғары бағаға ие дейді мамандар.
- Қатты арзан пәтер не үй таба алмайсыз. Бағалар 70 доллардан басталады.
Қорытынды
Бұл мақалада біз танымал сайттардан басқа жерлерде баспана жалға алуға болатынын көрсеттік. Соның арқасында үй брондар алдында неге мән беру керегін үйрендіңіз деп үміттенеміз.
Жаңа айтылған қолданбаларды қолданып көрдіңіз бе?
4
0