Қазақстанның 30 әдемі жері

Қазақстанның 30 әдемі жері
Топтама 32 мин оқисыз
21.06.2024

Қазақстанның 30 әдемі жері

Туған жерім — құт мекенім

Біздің ел — аумағы жағынан әлемде тоғызыншы орында тұрған, керемет дегеннің бәрі жиылған ел. Алып тау, шексіз дала, елде жоқ көл керек пе, зәулім қала керек пе, бәрі бар бізде. Айта берсең, аяғына жетпеспіз. Десе де бұл мақалада Қазақстанның 30 әдемі жері туралы айтамыз. 

Сізге Авиатадан кеңес: бұл жерлерге барғанда жан-жағымызды ластамаймыз, қоқыс тастамаймыз, жануар-малды үркітпейміз, шөп жұлмаймыз, бұтақ сындырмаймыз.

Қазақстанның ерекше табиғаты 

1. Іле Алатау, Алматы облысы

Іле Алатау — Қазақстанның оңтүстік-шығысында, Алматы облысында жатқан тау жүйесі. Бұл ат осы тауларға жақын ағып жатқан Іле өзеніне қарап қойылған. Алатау — Тянь-Шань тау жүйесінің бір бөлігі.

Іле Алатау — табиғатқа қызығатындар мен белсенді демалыс іздейтіндерге керемет жерлердің бірі. Әртүрлі рельефі мен климатының арқасында мұнда альпинизм, әуесқой хайкиң, сноуборд және тағы басқа активитимен айналысуға болады.

Таңғажайып жерлердің қатарында орман қоршаған Жосалыкөл мен «Іле Алатау» ұлттық табиғи паркі бар. Онда жаяу серуендеп таудың әдемілігін тамашалауға, тіпті жабайы жануарларды көруге, табиғаты керемет Көк-Жайлау шатқалын көруге болады. Іле Алатаудың тағы бір көрікті жері — теңіз деңгейінен 1691 метр биік жатқан Медеу мұзайдыны. Бұл, айтпақшы, әлемдегі ең үлкен ашық мұзайдын. Ал «Шымбұлақ» — 2200-2500 метр биіктіктегі шаңғы және сноуборд тебу курорты. Гиннес рекордтар кітабына енген.

Іле Алатаудың шыңына шыққанда тау ауруына шалдығуыңыз мүмкін, сондықтан тау климатына біртіндеп бейімделген жөн.

Қалай жетуге болады? Алматыдан Медеуге баратын автобусқа мініңіз. Жеткеннен кейін Шымбұлақ тау шаңғысы курортына баратын фуникулерге мінесіз. Медеуге қаладан №12 және №6 автобустар барады. Алматыдан тауларға апаратын соқпақтарға жеткізетін таксиге де мінуге болады. Өз бетіңізбен барамын десеңіз, Алматыдан Достық көшесінің бойымен жүре берсеңіз болды. Жол асфальтталған. 

2. Шарын шатқалы, Алматы облысы

Шарын каньоны — Шарын өзенінің бойымен 154 шақырымға созылып жатқан жер. Оны жұрт Солтүстік Америкадағы Үлкен Каньонға ұқсатады.

Шарын шатқалы шамамен 12 миллион жыл бұрын жел мен судың әсерінен эрозиялық процестердің кесірінен пайда болған деседі. Уақыт өте келе өзен жартасты тесіп өтіп, қамал мен мұнараға ұқсайтын терең шатқал жасаған. Каньонның аумағында көне өркениет өкілдері мекен еткен. Оны археологиялық зерттеулер растаған. 

Қорғандар алқабы — Шарын каньонының ең танымал бөлігінің бірі. Қамалдар мен мұнараларға қатты ұқсағасын осылай аталып кеткен. Бұл алқапта серуендеуге шамамен 2-3 сағат кетеді. Шарын өзені — рафтиң мен балық аулауға арналған тамаша орын. Өзеннің суы суық әрі жылдам ағып жатыр, сондықтан тек гидпен я сол жерді білетін адамдармен бірге барыңыз! 

Сондай-ақ шатқалдың маңында Орталық Азиядағы ең көне сексеуіл тоғайларының бірі орналасқан. Кейбір талдың жасы 500-600 жылға жетеді. 

Қалай жетуге болады? Алматыдан Шарын қаласына тура баратын автобустар жоқ, бірақ Кегенге баратын қалааралық таксиге мініп, сол жерден Шарынға жетіп алуға болады. Алматыдан көлікпен шығамын десеңіз, Шарын каньонына бұрылғанға дейін А351 я А352 тасжолымен жүру керек. Жолға шамамен 3 сағат кетеді (200 шақырым). Кетіп бара жатқанда басқа да әдемі жерлерді көруге болады. 

3. Көлсай көлдері, Алматы облысы

Бірінші көл
Бірінші көл

Көлсай — үш көлден тұратын жүйе, дегенмен көпшілік оны бір көл деп біледі. Көлсай — Қазақстандағы әдемі жерлер тізіміне кіруге лайық мекен. «Көлсай көлдері» ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Бұл жер Қырғызстан шекарасына жақын Күнгей-Алатауда жатыр, ал айналасын алып таулар мен қалың ормандар қоршап тұр.

Көл тектоникалық процестерден және одан кейінгі көшкіндерден пайда болған.

Бірінші Көлсай көлі — теңіз деңгейінен 1818 метр биік жатқан үш көлдің ішіндегі ең оңай жетуге болатын көл. Оған көлікпен баруға болады. Айналасы шыршалы қалың орман, суы мөп-мөлдір болғандықтан туристер арасында танымал жер. Онда қайықпен жүзуге, балық аулауға я жай серуендеуге болады.

Екінші көл

Екіншісі 2252 метр биіктікте жатыр. Оған бірінші көлден жаяу баруға болады. Жолға 3-4 сағат кетеді. Екінші көл де өте әдемі, бірақ оған адам аз барады. Десе де, оңаша демалғысы келетіндерге керемет жер.

Екінші көлге барып келген автордың кеңесі: жолда биік жерлер кезігеді, оған шығу үшін біраз күш жұмсау керек. Ол жерде инфрақұрылым жоқ, сондықтан көбірек су алыңыз. Жаңбыр жауып тұрса, екінші көлге бармаңыз: соқпақтар тез шайылып кетуі мүмкін. 

Үшінші көл

Үшінші Көлсай көлі — ең шалғай жатқан көл, сондықтан жету қиын. 2900 метр биік жатқан көл. Оған екінші көлден барамын десеңіз, жолға 6-7 сағат кетеді.

Қалай жетуге болады? Бірінші Көлсай көліне ең жақын елді мекен — Саты ауылынан жаяу жетуге болады. Соқпақты жолмен жүруге 3-4 сағаттай кетеді. Көлсайға тура апаратын автобус рейсі жоқ. Саты ауылына Алматыдан автобуспен я таксимен жетіп алыңыз. Кейін көлге жаяу я уазикпен барасыз. Өз көлігіммен барамын десеңіз, A351 тасжолымен Саты ауылына дейін жүру керек. Содан кейін Көлсай көлдеріне апаратын жолға бұрылу керек. Жолға 4-5 сағат кетеді (300 шақырым).

4. Хан Тәңірі шыңы, Орталық Тянь-Шань

Хан Тәңірі шыңы — Қазақстандағы ең биік шың. Оның биіктігі — 7010 метр. Соның арқасында Тянь-Шаньдағы Жеңіс пен Жүсіп Әлиев шыңдарынан кейінгі үшінші биік тау саналады. Хан Тәңірі Қазақстан, Қырғызстан мен Қытайдың шекарасында орналасқан.

Ежелде ол қасиетті орын деп құрметтелген. Хан Тәңірі шыңына алғаш рет (тіркелген бірінші дерек) 1931 жылы Михаил Погребецкий бастаған украин экспедициясы шыққан.

Хан Тәңірі шыңы биіктігіне, техникалық күрделілігі мен керемет көріністерінің арқасында альпинистер арасында ең танымал шыңдардың бірі есептеледі. Хан Тәңіріне шығу үшін шыныққан денелі, тәжірибелі әрі арнайы жабдықты болу керек.

Қалай жетуге болады? Алдымен Бәйдібек ауылына джиппен, содан кейін базалық лагерьге жаяу барамыз. Жолға 8-10 сағат кетеді.

5. Қайыңды көлі, Алматы облысы

Қайыңды көлі 1911 жылы жер сілкінгеннен кейін пайда болған. Апаттың кесірінен үлкен көшкін шатқалды жауып, табиғи бөгет құрған екен. Ал жақын маңдағы өзендер мен бұлақтар шатқалды толтырып, әдемі көлге айналдырған. Резервуардың ерекшелігі — оның қақ ортасында шыршалар өседі. Ұшы судың бетіне шығып тұр.

Су басқан орман — көлдің бас көрікті жері. Суы мөп-мөлдір болғаны сонша — ағаштардың судың астында жатқан бөлігі көрініп тұрады.

Айтпақшы, Қайыңдыда дайвиңмен айналысуға болады. Бірақ оған рұқсат алу қажет әрі керек құрал-жабдықтарыңыз болуы керек. 

Қалай жетуге болады? Көлсайға барғандай. Саты ауылына жетіп аласыз, ол жақтан Қайыңды жолына түсесіз. Жолға 4-5 сағат кетеді.  

6. Қатонқарағай, Алтай, Шығыс Қазақстан облысы

Қатонқарағай — Алтайдың қақ ортасында орналасқан әдемі аудан.  Ұзақ уақыт бойы бұл аймақ қорғандар мен үңгір суреттерін қалдырып кеткен көшпелі тайпалардың мекені болған. Кеңес заманында табиғатты сақтауға мүмкіндік беретін қорық аймағы статусына ие болды. 

Қатонқарағайға туристер адам қолы жетпеген табиғаты мен белсенді демалу үшін барады. Қазақстандағы ең әдемі жер — жаяу серуендеуге, трекиңге, ат міну мен балық аулауға өте ыңғайлы мекен. Туристер 4506 метр биік жатқан Белуха тауына шығу үшін де барады ол жаққа.

Сол жаққа жолыңыз түссе, таудың етегінде жатқан Марқакөл көліне мен балық аулау және рафтиң жері ретінде белгілі Бұқтырма өзеніне баруды да ұмытпаңыз.

Қалай жетуге болады? Өскеменнен Қатонқарағай ауылына автобуспен я таксимен жетуге болады. Көлікпен Р-80 тасжолымен Зырян жаққа жүре беріңіз де, Катонқарағайға апаратын жолға бұрылыңыз. Жолға шамамен 6-7 сағат кетеді (350 км).

7. Алтын Емел: Айғай құм мен Ақтау тауы

Алтын Емел ұлттық табиғи паркі — шөл, таулар мен далаларды қамтыған үлкен аумақ. Саябақтың басты көрікті жерлері — Айғай құм мен Ақтау таулары. Трекиң, сафари, фотосурет, жабайы табиғатқа қызығатындарға арналған керемет жер. 

Айғай құм — биіктігі шамамен 150 метр, ұзындығы шамамен 3 шақырым құм төбесі. Бұл жердің ерекшелігі — жел тұрғанда құм әнге ұқсас дыбыстар естіледі бастайды. Айғай құм деп аталып кеткені де содан.

Ақтау (қала емес!) — ерекше түсті жартастармен және ерекше геологиялық түзілімдерімен танымал тау. 

Жол-жөнекей біздің дәуірімізге дейінгі VI-V ғасырда салынған Бесшатыр қорғанына, Терең Ақтас және Қошқар Ата көлдеріне де барсаңыз болады.

Қалай жетуге болады? Алматыдан Басшы ауылына барып, кейін саябақтың ішінде жүретін экскурсиялық көлікке міну керек. Алматыдан көлікпен Қапшағай жаққа А-351/А-352 тасжолымен жүріп, кейін Алтын Емелге апаратын жолға бұрыласыз. Жолға шамамен 4-5 сағат кетеді (260 км).

8. Бурабай курорты, Ақмола облысы

Бурабай — Қазақстандағы тау мен қалың орманның, көлдердің қақ ортасында тұрған әйгілі курорт. Кеңес заманында курорт аймақ деген статусқа ие болды, ал кейін «Қазақстанның ең әдемі жері» деп атала бастады. Мұнда емделетін және демалатын санаторийлер мен демалыс үйлері салынды.

Бұл таңғажайып жер өзінің шипалы балшығымен, минералды су және таза ауасымен танымал. 

Туристер көбіне Бурабай көлінде тұрған Оқжетпес жартасына барады. Аңызға сенсек, жартас садақ ату нысаны ретінде пайдаланылған. Оқжетпес деген атау ол жерге жебе жетпейтінінен шыққан болса керек. Үстіне шықсаңыз, Бурабайдың сұлулығын басқа қырынан танисыз. 

Қалай жетуге болады? Астанадан Щучинск бекетіне пойызбен барасыз, содан кейін таксимен я автобуспен курортқа жетіп аласыз. Щучинскіге автобуспен де, таксимен де жетуге болады. Өз бетімен барамын десеңіз, А-1 тасжолымен Бурабай жаққа жүре беріңіз. Жолға шамамен 2-3 сағат кетеді (250 км).

9. Балқаш, Қазақстанның оңтүстік-шығысы

Балқаш — еліміздің оңтүстік-шығысында орналасқан ірі көлдердің бірі. Оның ең негізгі ерекшелігі — батыс бөлігіндегі суы тұщы, ал шығысындағы суы ащы. Балқаштың формасы жарты ай тәрізді. Көлдің жан-жағын шөл мен дала қоршап жатыр.

Балқаш қаласы — қонақүйлер мен мейрамханалар шоғырланған көлдің жағасындағы негізгі елді мекен. Онда аймақтың тарихы мен мәдениетінен сыр шертер бірнеше мұражай да бар. Балқаштың жағасында демалуға, жүзуге және су спортымен айналысуға арналған жағажайлар көп. Көлдің суы жылы әрі таза. 

Мұнда көксерке, қарақұйрық, тұқы мен басқа да көптеген балық түрі жүзеді. Балқашта жағада отырып та, қайыққа мініп те балық аулауға болады. 

Қалай жетуге болады? Алматы мен Астанадан Балқаш пен Приозерск бекетіне пойыз, Алматы мен Қарағандыдан Балқаш қаласына автобустар барады. Өз бетімен барғыңыз келсе, Алматыдан А-350 тасжолымен Балқашқа жеткенше жүре беруіңіз керек. Жолға шамамен 8-10 сағат кетеді (600 км).

10. Табан-Қарағай үстірті, Алматы облысы

Табан-Қарағай үстірті теңіз деңгейінен шамамен 2 мың метр биік жатқан жер. Оның жан-жағын Жоңғар Алатауы тауы қоршап жатыр. Жұртқа бұл әдемі жердің көбіне жайлауы, қалың орманы, ерекше флора мен фаунасы танымал. Үстірт — жаяу серуендеуге, треккиң мен кемпиңге, сондай-ақ адам қолы жетпеген табиғатты көруге және әдемі фотосуреттер жасауға керемет жер. Ал оның шексіз өрісі жаяу серуендейтін және пикник жасайтын тамаша орын саналады. 

Қалай жетуге болады? Әуелі ең жақын ірі елді мекенге, мысалы, Алматыға жетіп алу керек. Кейін такси я көлік жалға алыңыз. Алматыдан Шарын шатқалына барып, сол жерден белгілерге қарап Табан-Қарағай үстіртіне жетіңіз. Жолға шамамен 4-5 сағат кетеді (шамамен 200 км).

11. Үстірт пен Бозжыра, Маңғыстау облысы

Үстірт — Қазақстан, Өзбекстан және Түрікменстан аумақтарына созылып жатқан үлкен тас-тас жазық. Ал Бозжыра — осы Үстірттегі алып шатқал. Туристер оны Кэмерон мен Нолланның фильміндегі локацияларға ұқсатады. Шатқал күн батқанда және таң атқанда ерекше әдемі көрінеді. 

Үстіртте бірнеше тұзды көл бар, соның арқасында бұл аймақ одан сайын ерекшелене түседі. Онда бұдан басқа жаяу я көлікпен аралауға арналған шатқалдар бар.

Қалай жетуге болады? Әуелі Ақтауға барасыз. Сол жерден экскурсиялық көлікке мінесіз я көлік жалға аласыз. Көлікпен барсаңыз, М-32 тасжолымен Жаңаөзен жаққа бет алуыңыз керек. Жолда Үстіртке апарар белгілер толып тұрады. Соған қарап жүре беріңіз.

12. Таңбалы және Тамғалы тас шатқалдары, Алматы облысы

Таңбалы шатқалы мен Тамғалы Тас шатқалы ежелгі үңгір суреттерімен танымал. Оларды қола дәуірінен бері (б.з. д. 3 мың жыл бұрын) әртүрлі көшпелі тайпалар салған.

Таңбалы үңгірлеріндегі петроглиф саны 5 мыңнан асады. Ол суреттерден ежелгі халық қалай аң аулағанын, қалай рәсім өткізгенін, жануарлар мен мифологиялық тіршілік иелерінің бейнелерін көруге болады. Бұл жер ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген.

Тамғалы тас суреттері — Іле өзенінің жағасындағы петроглифтер кешені. Онда Будда және ол туралы аңыздар, сондай-ақ әртүрлі белгілер мен жазулар бейнеленген. Бұл жер — буддизмнің Орталық Азиядағы ықпалын зерттеп жүргендерге маңызды нысан саналады.

Қалай жетуге болады? Алматыдан автобуспен я шағын автобуспен Қарғалы ауылына барасыз. Сол жерден Таңбалы шатқалына жаяу я таксимен барасыз. Өз бетімен барамын дегендер Алматыдан А-2 трассасымен Қаскелең жаққа қарай жүруі қажет. Кейін Р-3 трассасына бұрылып, Қарғалы ауылына қарай жүре беріңіз. Жолда Таңбалы шатқалына апарар белгілер болады. Жолға 2-3 сағат кетеді.

13. Қиын керіш шатқалы, Шығыс Қазақстан

Қиын керіш шатқалы қызыл, қызғылт сары және ақ түсті жартастармен танымал.  Миллиондаған жыл бұрын тектоникалық процестер мен эрозиядан кейін пайда болған. Каньон палеонтология зерттеулеріне өте маңызды жер, өйткені ол жерден ежелгі жануарлардың қалдығы табылған. 

Барған туристер табиғаттың арка, баған мен жартас сияқты кереметін тамашалай алады. Бұл формалар туристерге ғана емес, зерттеушілерге де қызық. Серуендеймін десеңіз, арнайы жолдар бар. Соның арқасында шатқалды түгелдей аралап шыға аласыз. 

Қалай жетуге болады? Өскеменнен Р-36 трассасымен Зайсан жаққа жүріңіз. Зайсаннан өткеннен кейін Қиын Керішке белгілерге қарап барыңыз.

14. Шайтанкөл, Орталық Қазақстан

Орысша Чертова чаша деген атпен белгілі Шайтанкөл — Қарағандыдан 223 шақырым алыс жатқан жер. Жергілікті аңызға сенсек, бұл көл тылсым қасиеттерге ие әрі рухтардың мекені-міс. Жергілікті тұрғындар да, туристердер де бұл аңызға қызығады екен.

Көлдің суы таза әрі мөлдір. Айналасында серуендеуге немесе трекиң жасауға болатын жер көп. Жағалауда достарыңызбен бірге пикник өткізіңіз немесе шатыр тігіп, түнеңіз. Иә, жергілікті тұрғындар көлдің жағасында түнемеген жөн, арты жаман болады дейді. Түнейсіз бе, әлде түнемейсіз бе, енді ол жағын өзіңіз шешіңіз.

Қалай жетуге болады? Қарағандыдан А-17 тасжолымен Қарқаралы жаққа бару керек. Қарқаралыдан өткеннен кейін Шайтанкөл көліне жол көрсетер белгілер тұрады. Соларға қарап жүре беріңіз. 

15. Бектау ата, Балқаш қаласынан 70 шақырым алыс

Бектау ата — Балқаш қаласының солтүстігінде 70 шақырым алыс жатқан тау тізбегі.  Бұл тізбек — гранитті жартас, каньон мен үңгірлер топтасып жатқан жер. Олар керемет үйлескені соншалық — көрініс енді адам айтса сенгісіз әдемі. Таза ауа, әдемі пейзаж — естен кетпес демалыстың бас демеушісі. 

Бектау атаның гранит шыңы шығамын дегендерге қолайлы. Таудың жотасында көруге тұрарлық бірнеше үңгір бар. Ол үңгірлердің формасы мен келбеті туралы айта берсек әңгіме көп.

Қалай жетуге болады? Балқаштан А-350 тасжолымен солтүстік-шығысқа бет алыңыз. Жолда Бектау атаға жол сілтер белгілер кезігеді. 

16. Рахман қайнары, Шығыс Қазақстан облысы

Рахман қайнары — Алтай тауындағы бальнеологиялық курорт. Бұл шипажай ыстық қайнары және сұлу табиғатымен танымал. 

Курортты жұрт бұл қайнарды 19 ғасырда ашқан Рахманов деген жолбасшының құрметіне Рахман деп атап кеткен. Кеңес одағында курорт шипажай ретінде дамып, қазір шипажай да, демалатын орын да болып отыр. 

Ыстық минералды қайнар — бұл курорттың негізі. Бұлақтан аққан су минералды тұзға бай әрі әртүрлі ауруларды емдеу үшін қолданылады. Барып жатсаңыз, Язевое көліне де соға кетіңіз. Ол да керемет жер.

Қалай жетуге болады? Өскеменнен Р-23 тасжолымен Зырян ауылына қарай жүріңіз. Серебрянсктен өтіп, Рахман ауылына апарар трассамен бара беріңіз. Жолда қайнарға жол сілтер белгілер болады. 

17. Қорғалжын қорығы, Ақмола облысы

Қорғалжын қорығы — еліміздегі ең ірі әрі маңызды қорықтардың бірі. Қорықта үлкен сулы-батпақты жерлер, көлдер мен дала экожүйелері бар.

Бұл жер 1968 жылы Орталық Қазақстанның бірегей табиғи кешендерін және сирек кезігетін құстарды, соның ішінде қызғылт қоқиқазды қорғау мақсатымен құрылды. Қорық халықаралық маңызы бар сулы-батпақты жерлер тізімінде және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұраларының бірі. 

Қорықта құстарды тамашалауға арналған экскурсиялар мен турларға қатысуға болады. Бұл — сирек кезігетін және жойылып кетейін деп тұрған құстардың мекендейтін жерін көрудің тамаша мүмкіндігі. Турда қызғылт қоқиқаздан басқа далматиялық пеликандарды, ақ лейлектерді, сұр тырналарды, аққуларды, үйректер мен қаздардың әртүрлі түрлерін көре аласыз.

Қалай жетуге болады? Астанадан шығып, А-16 трассасымен оңтүстік-батысқа қарай жүріңіз. Жолымбет және Баршын ауылдарынан өтіңіз де, қорыққа апарар белгілерге қарап жүре беріңіз. Жолға шамамен 2-3 сағат кетеді (130 км).

18. Ақмешіт үңгірі, Оңтүстік Қазақстан облысы

Ақмешіт үңгірі — ежелгі заманнан бері әйгілі жер. Ақмешіт деп аталған себебі — іші жарық әрі мешіт күмбезіне ұқсайтын биік күмбездері бар. Қазақстанның бұл әдемі жеріне спелеологтар, яғни жерасты кеңістікті зерттейтін адамдар қатты қызығады.

Қалай жетуге болады? Шымкенттен М-32 тасжолымен оңтүстік-батысқа қарай шығыңыз. Түркістан мен Жаңақорғаннан өткеннен кейін үңгірге жол көрсетер белгілер шыға бастайды. Жолға шамамен 3-4 сағат кетеді (шамамен 250 км).

19. Ақсу-Жабағылы қорығы, Түркістан облысы

Ақсу-Жабағылы қорығы — Қазақстандағы ең көне қорық. 1926 жылы құрылған. Аумағы — 131 мың гектардан астам. Құрамында таулы ормандар, жазық дала мен жайылымдар бар. Бұл жер — құстарды бақылауға және табиғатты зерттеуге күшті жер.

Ақсу каньоны — тереңдігі 500 метрге жететін шатқалдардың бірі. Туристер оның жартастарын, сарқырамаларын, ерекше флорасы мен фаунасымен көру үшін барады.

Жабағалы — қорықты кесіп өтіп жатқан, сарқырама болып аяқталатын өзен. Өзеннің бойында туристерге арнап жол салынған.

Қорықта сирек кезігетін жануарлардың түр-түрі бар: аю, ілбіс, арқар мен басқалары.

Қалай жетуге болады? Шымкенттен шығып, A2 трассасымен батысқа қарай жол тартыңыз. Тараздан өтіп, Ақсу-Жабағылы қорығына жол сілтер белгілерге қарап жүре беріңіз. Жолға 2-3 сағат кетеді (шамамен 130 км).

20. Шекелмес, Шығыс Қазақстан облысы

Шекелмес — таулар мен аңғарлар да, өзендер мен ормандар да бар әртүрлі ландшафтты таңғажайып жер. Онда қорғандар мен ежелгі тұрақтардың түрін-түрін көруге болады. Демек Шекелместе кезінде ежелгі өркениет болған.

Шекелместе жаяу қыдыруға да, трекиңге де арналған жолдар бар. Тауға барып серуендесеңіз, таза ауа жұтып, табиғаттың сұлулығын тамашалай аласыз, жол-жөнекей өсімдіктер мен жануарлардың сирек кезігетін түрлерін көре аласыз. Ертіс — осы аймақта ағып жатқан өзен, серуендеуге я балық аулауға керемет жер.

Қалай жетуге болады? Өскеменнен шығып, Зайсанға қарай Р-24 трассасымен жүре беріңіз. Күршім ауылынан өткеннен кейін жолда Шекелмеске жол сілтер белгілер шығады.

21. Іле Алатау ұлттық паркі, Алматы облысы

Іле Алатау ұлттық паркі — Қазақстандағы ең ірі әрі ең танымал ұлттық паркі. Ауданы 200 мың гектардан асады. Іле Алатау 1997 жылы Солтүстік Тянь-Шань табиғи кешендерін қорғау үшін ашылды. Мұнда жаяу серуендеуге, трекиң жасауға, шаңғы тебуге және жабайы табиғатты тамашалауға болады.

Іле Алатау ұлттық паркінің аумағында Медеу таулы кешені, «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты мен альпинистер арасында танымал өзге де орындар бар. Бұлар — Букреев шыңы, Фурманов шыңы мен басқалары. Айтпақшы, сол тауларда жергілікті халық пен туристер арасында танымал Богданович мұздығы орналасқан.

Қалай жетуге болады? Алматыдан Достық көшесімен оңтүстікке, Медеу жаққа қарай жүріңіз. Жеткесін Шымбұлаққа я ұлттық саябақтың кез келген басқа кіреберісіне барыңыз.

Қазақстанның мәдени және тарихи жерлері

Түркістан мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі

Түркістан — Қазақстанның оңтүстік бөлігінде жатқан ежелгі қала. Ол ежелден еліміз бен Орталық Азияның тарихи, мәдени әрі діни орталығы ретінде белгілі. 

Түркістанның тарихы екі мың жылдан асады. Қала көшпелі тайпалардың тұрмысында маңызды роль атқарған әрі Ұлы Жібек жолында жатқан негізгі мекендердің бірі болған. Орта ғасырларда Түркістан ең құрметті уағызшының бірі Қожа Ахмет Яссауи қызметінің арқасында аймақтағы исламның маңызды орталығына айналды. 1598 жылы Түркістан Қазақ хандығының астанасы болды және XVIII ғасырға дейін саяси және мәдени орталық болып қала берді.

Қожа Ахмет Яссауи кесенесі — Түркістанның басты көрікті жерлерінің бірі және ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген маңызды діни ескерткіш. Кесене XIV ғасырдың соңында Әмір Темірдің бұйрығымен Қожа Ахмет Яссауи жерленген жерде салынған. Кесененің ішінде сол кездің өрнектері, фрескалары мен басқа декор элементтері бар. Кесененің жанында Яссауидің өмірі туралы музей бар. Айтпақшы, Dop soz подкасында ағартушының таңғажайып істері мен осы мұражай-кесенеге не үшін бару керегі егжей-тегжейлі айтылады. 

Байқоңыр ғарыш айлағы, Төретам ауылы

Қазақстанның Төратам кентінде тұрған әлемдегі ең ірі әрі көне ғарыш айлағы. 1955 жылы салынғаннан бері ғарышты зерттейтін маңызды орталығы болып келеді. Айтпақшы, бұл жер — Ресей Қазақстаннан жалға алған аумақ.

Дәл осы жерден 1961 жылы 12 сәуірде Юрий Гагарин «Восток-1» кемесімен ғарышқа ұшты. Содан бері Байқоңырдан ғарышқа талай рет ғарыш кемесі ұшты. 

Мұнда музейге барып, зымыран модельдері мен ғарыш аппараттарын көруге, экскурсияларға баруға, тіпті ғарыш кемесінің қалай ұшатынын көруге болады. Айтпақшы, ғарыш айлағының аумағында Юрий Гагариннің үй мұражайы орналасқан.

Есіңізде болсын: Байқоңырға дайындалып бару керек: әуелі Байқоңырға, кейін ғарыш айлағына кіруге рұқсат алуыңыз керек. Байқоңыр аумағына қалай кіруге болатыны мына мақалада жазылған.

Бәйтерек, Астана

Бәйтерек монументі — Астананың ең танымал көрікті жерлерінің бірі. Ескерткіш қаланың орталығында Есіл өзенінің сол жағалауында орналасқан және елдің жаңа дәуірі мен тәуелсіз екенін білдіретін нышан. Биіктігі — 97 метр. Оның себебі — еліміздің астанасы Астанаға көшкен жылы — 1997 жыл.

Ескерткіш 2002 жылы ашылып, жаңа Астанадағы алғашқы ірі сәулет жобаларының бірі болды. Оның идеясы мен тұжырымдамасына Нұрсұлтан Назарбаев жауапты болған. Монументтің жобасын Ақмұрза Рүстембеков жасаған. Ескерткіш Бәйтерек пен тал басына алтын жұмыртқа салған сиқырлы самұрық құсы туралы ежелгі қазақ аңызын бейнелейді.

Бәйтеректің ең жоғарғы қабатында шолу алаңы бар. Онда елорда Астанаға көшкенінің нышанына айналған бұрынғы президенттің қолының ізі бар. 

Әзірет Сұлтан мешіті, Астана

Әзірет сұлтан — Қазақстандағы ең үлкен мешіт. Астанада орналасқан. Бұл жер Қожа Ахмед Яссауидің құрметіне аталған. Әзірет сұлтан — халықтың ақынға қойған аты. 

Әзірет Сұлтан 2012 жылы ашылған еді. Мешітті салайық деп 2009 жылы бұрынғы президент бастама көтерді.

Негізгі намаз залына 10 мың адам сыяды. Залдың қабарғасына әдемі ою-өрнек салынған. Мешіттің биіктігі 77 метр болған төрт мұнарасы мен 51 метр биік орталық күмбезі бар. Ішіне ислам мен Қазақстан тарихына қатысты кітаптар мен экспонаттарға толы кітапхана мен мұражай салынған. 

Медеу мұзайдыны, Алматы

Бұл — 1691 метр биік орналасқан әлемдегі ең үлкен ашық мұзайдын. Кіші Алматы өзенінің аңғарында орналасқан.

Медеу 1972 жылы ашылған еді, содан бері коньки тебу, хоккей мен мәнерлеп сырғанауды қоса алғанда әртүрлі спорт іс-шараларына, тіпті концерттерге арналған орынға айналды. Кешеннің мұз аренасында коньки тебуге күн жылы болса да жағдай жасайтын салқындату жүйесі қондырылған. Оңай транспорт картаңыз болса, оны мұзайдынға кірерде пайдалансаңыз болады.

Бекет ата жерасты мешіті, Маңғыстау облысы

Мешітті XVIII ғасырда атақты ағартушы әрі әулие Бекет ата (Бекет Мырзағұлұлы) салған. Ол өз өмірін исламды таратуға және рухани тәлімгер болуға арнаған. Бірнеше жерасты мешіт салған адам. Солардың ішінде Оғландыдағысы ең маңызды саналады. Бекет ата сол жерге жерленген. Бейіті қазір қажылық орталығы болып отыр.

Тау баурайындағы үңгірге салынған мешітке Орталық Азияның түкпір-түкпірінен мұсылмандар қажылыққа барады. Жерасты мешіт — кешеннің жартасқа ойылған орталық бөлігі. Онда намазханалар орналасқан.

Сауран қаласы, Оңтүстік Қазақстан

Сауран қалашығы — Түркістанның солтүстік-батысынан 40 шақырым алыс жатқан ежелгі қала. Бұрындары Сауран Ұлы Жібек жолындағы ірі сауда әрі мәдени орталықтардың бірі болған. Қазір бұл қоныс зерттеушілер мен туристерге маңызды археологиялық жер болып отыр.

Сауран IX-X ғасырларда құрылып, XIV-XV ғасырларда гүлденген шағына жеткен. XIV ғасырда Ақ Орданың астанасы болған. Сауран XVII ғасырға дейін дамып, маңызынан айырыла бастады да, кейін мүлдем елсіз қалған.

Қаланы қоршап тұрған мықты бекініс қабырғаларының қалдықтары — қалашықтың бас көрікті жерлерінің бірі. Қалашықта археологиялық зерттеулер әлі де жүріп жатыр.

Вознесенск кафедралы шіркеуі, Алматы

Зенков шіркеуі деп те аталатын Вознесенск соборы 28 панфиловшы саябағында орналасқан. Бұл шіркеу — әлемдегі шегесіз салынған бірнеше ағаш ғибадатханалардың бірі.

Соборды 1907 жылы инженер Андрей Зенковтың жобасына қарап салынған. 1911 жылы қатты жер сілкінгенде оған ештеңе болмаған. Кеңес заманында собор мұражай және мемлекеттік мекеме ғимараты ретінде пайдаланылған. 1995 жылы собор орыс православие шіркеуіне қайтарылып, қайтадан ғибадатханаға айналды.

Меркі түркі ордасы, Жамбыл облысы

Бұл — бірнеше ондаған қорғаннан, тас ескерткіш пен басқа археологиялық жерден тұратын ежелгі кешен.

Меркі ғибадатханасы Түркі қағанат (VI-VIII ғасырлар) дәуірінде салынған. Бұл әдемі орын діни рәсімдер, салт-жоралғы өткізу үшін ретінде пайдаланылған. Археологиялық қазба жұмыстары ежелгі түркі жауынгерлері мен олардың культіне қатысты жерлеу орындары мен ескерткіштер болғанын көрсеткен. Меркі — Орталық Азия аумағындағы ең жақсы сақталған түркі киелі жерлерінің бірі.

Бұл қасиетті жерге барсаңыз, ежелгі түркі руналары мен рәміздері ойылған тас стелаларды көруге болады. Олар қаза тапқан жауынгерлер мен маңызды оқиғалардың құрметіне қойылған.

Ұлы Жібек жолында жатқан қалашық

Ұлы Жібек жолы қалашықтары көптеген ғасыр бойы сауда, мәдениет пен ғылымды дамытуда шешуші роль атқарды. Қазақстанда өзіндік тарихы мен археологиялық құндылыққа толы осындай бірнеше қалашық бар.

Қазақстанда Ұлы Жібек жолы қаласы деген тізімге Отырар (Фараб), Тараз, Сауран, Ясы (Түркістан) мен Баласағұн кіреді. Отырарда ғалым әл-Фараби дүниеге келсе, Таразда Айша Би би мен Бабажы қатын кесенелері салынған, ал Баласағұн Қарахан қағанатының астанасы болған.

Жалпы, Ұлы Жібек жолы дәуірімізге дейінгі II ғасырда басталды да, орта ғасырларда гүлденген шағына жетті. Осы жолдың бойында жатқан қалалар сауда, мәдени және ғылыми білім алмасатын жерлер мен маңызды стратегиялық орындар саналды. Бұл қалаларға жау жиі шауып, қиратып кетсе де, халықаралық саудаға маңызды болғандықтан қайта салынып, ары қарай өркендей берген.

9

0

,

Осы айдардан:

Қар басқан тауға барып демалайық

Қар басқан тауға барып демалайық

Мафия, футбол, жер сілкінісі, банктер мен ЮНЕСКО объектілері

Мафия, футбол, жер сілкінісі, банктер мен ЮНЕСКО объектілері

Куда можно улететь за 9 евро?

Куда можно улететь за 9 евро?

Ендігі сапарыңызға арналған бес идея

Ендігі сапарыңызға арналған бес идея