Транзит визасы деген не және кімге керек?
Виза тақырыбын жалғастырамыз
Біз Қазақстанда тұрып жатырмыз. Жыл сайын біздің елден басқа елдерге тіке ұшатын рейстер көбейіп жатса да, мойындайық: оның өзі тым аз. Тек бір әуе компаниясының ұшағымен ұшсақ та, жолда басқасына ауысып мінеміз. Кей елде келесі рейске міну үшін транзит визасы қажет. Ол не виза екенін және неге керегін қазір айтып береміз.
Транзит визасы деген не?
Транзит визаcы — белгілі бір елде ұшақ ауыстырып ұшатын, сондықтан ол елде ұзақ қалмайтын жолаушыларға арналған виза. Көбіне ары кеткенде үш күнге беріледі. Оның мерзімін ұзартуға болмайды. Транзит визасы — жолаушылар транзит елінде қалып қоймасын деп шығарылған құжат.
Транзит визасы қандай жағдайда керек?
Транзит визасы кей әуежайда керек болмауы мүмкін. Бір елдерде әуежайдың аумағында я транзит аймағында транзит визасыз жүруге рұқсат берілген. Сондықтан үнемі алдын ала бұл виза керек пе, жоқ па, сұрап алыңыз. Транзит визасы керек елге визасыз барсаңыз, сізді елге қайтарып жібереді.
Транзит визасы керек болуы мүмкін жағдайлар:
- Транзит елінде жүретін уақыт. Онда 72 сағаттан астам уақытқа қалар болсаңыз, қайда барсаңыз да, транзит визасын жасатуыңыз керек.
- Транзит еліне кіруге рұқсат я виза берілмесе. Кейбір ел сол елге кіруге рұқсат алған я виза алғандардан транзит визасын сұрамайды.
- Транспорт түрі мен ауысып мінетін жер. Кейбір ел белгілі бір транспортпен қатынайтындардан транзит визасын сұрайды. Мысалы, ұшақ я пойызбен жүретіндерден. Одан бөлек, бұл виза бір әуежайдан (терминалдан) шығып, басқа әуежайға (терминалға) барғанда да керек.
Талап пен нюанс көп. Сондықтан транзит елінің елшілігіне ертерек хабарласып я сайтынан егжей-тегжейін біліп алу керек. Ертерек қамданбасаңыз, барғанда діттеген жерге жете алмай, депортацияға ұшырайсыз.
Транзит визасы керек емес жағдайлар:
Бұл виза мына жағдайларда керек болмай қалуы мүмкін:
- Қонғаннан кейін көп отырмай ұшып кетсеңіз. 24 сағатта ұшып кетсеңіз, кей ел транзит визасын сұрамайды. Ондайда басқа талаптар қойылуы мүмкін. Мысалы, транзит аймағынан шығуға болмайды.
- Қазақстан мен транзит елінің арасында визасыз режим туралы келісім бар болса. Әуежайдан шықпаймын десеңіз, транзит визасы керек емес. Мысалы, Доминиканаға Мәскеу арқылы ұшсаңыз, транзит визасын жасатудың керегі жоқ.
Шенген елдеріне барарда транзит визасын жасату керек. Бірақ мұнда бірнеше нюанс бар. Мына жағдайларда транзит визасы керек емес:
1
Екінші рейсіңізді күтіп отырғанда транзит аймағынан шықпасаңыз және 24 сағатта ұшып кетсеңіз. Қолыңызда сіз бара жатқан елдің визасы болғаны жақсы.
2
Air Berlin ұшағымен Берлин арқылы ұшсаңыз.
3
Лондонның бір әуежайына қонып, басқа әуежайынан ұшсаңыз және екі рейстің арасында ары кеткенде 24 сағат өтсе.
Шенген елдеріндегі әуежайдалардың бәрінде бірдей транзит аймағы болмауы мүмкін, болса да, түнде жабық тұрады (Дюссельдорф, Хамбург, Берлин, Көлн, Бонн, Тегел). Астадан Будапештке түнгі 12-де барсаңыз, алдын ала транзит визасын жасатуыңыз керек. Транзит аймағы бар-жоғын ұшардан бұрын біліп алуға тиіссіз. Мысалы, Миланда бар, бірақ Бергамода жоқ.
Өзге елдердің Қазақстан азаматтарына қатысты транзит ережелері
Шенген транзит визасы
Шенген визасы А визасына жатады. Транзит аймағынан шығып, ұшақ ауыстырсаңыз, шенген транзит визасын жасатуға тиіссіз. Аймақтан шықпасаңыз, көп жағдайда виза алудың керегі жоқ.
Шенген визасын алу үшін құжаттар пакетін тапсырасыз. Туризм визасына керек құжаттар транзит визасын алуға да керек. Одан бөлек, консулдық алымын төлейсіз. Құжаттарды өзіңіз баратын елге қарай виза орталығына, консулдыққа я елшілікке апарасыз. Жолда екі рет ауысып мінсеңіз, бірінші баратын елдің визасын алыңыз.
Транзит визасы екі аптаның ішінде дайын болады. Бірақ кейде мерзімі 30-60 күнге дейін созылып кетуі мүмкін.
Түркия
Қазақстан азаматтары Түркияға транзит визасын алмаса болады. Себебі екі елдің арасында визасыз режим бар. Қазақтар транзит аймағынан, терминалдан, тіпті әуежайдан емін-еркін шыға алады.
Мысыр
Мысыр қаласында басқа ұшаққа мінсеңіз, виза жасатуыңыз керек. Соның арқасында елге 48 сағатқа кіре аласыз. Бірақ әуежайдан шығуға болмайды. Транзит визасы Мысыр елшілігінде я консулдығында беріледі. Әуежайда берілмейді.
Әуежайдан шығамын десеңіз, ертерек электрондық виза я кәдімгі виза жасатуыңыз керек. Ол үшін шекарадағы көші-қон тексерісіне кезекке тұрып, Мысыр визасын алуға өтінім беруіңіз керек.
Тайланд
Қазақстан азаматтары Тайландта 30 күн визасыз жүре алады. Сондықтан олардың транзит визасын алу міндет емес.
Ұлыбритания
Қазақстан азаматтары бұл жағдайда виза алуға тиіс. Кей британ әуе компаниясы, мысалы, British Airways Ұлыбританияның транзит визасын алмағандарды ұшаққа мінгізбейді.
Бірақ Ұлыбританияға барып, сол күні ұшып кетсеңіз және қолыңызда бара жатқан еліңіздің визасы болса, транзит визасын алу міндет емес. Рейстен түсіп, келесі рейске 2 сағаттан кейін мінсеңіз, бірақ күн ауысып кетсе, мысалы, сенбіде түнгі 11:00-де түсіп, келесі рейсіңіз жексенбіде түнгі 1:00-де ұшса, транзит визасын алуыңыз керек. Бір күнде түсіп, ұшып кетсеңіз де, кеден офицері кейде транзит визасын сұрап жатады.
Транзит визасы Ұлыбритания 48 сағатға дейін жүруге рұқсат береді.
- Direct Airside Transit Visa 24 сағат беріледі. Оны алсаңыз, кеден тексерісі аймағынан шықпайсыз. Багаж тіркемесеңіз, осы визаны жасатыңыз.
- Visitor in Transit Visa 48 сағатқа беріледі әрі әуежайдан шығып, қалада қыдыруға мүмкіндік береді.
Ұлыбританияда 48 сағаттан артық жүрмек болсаңыз, қысқа мерзімді туризм визасын жасатып алыңыз.
Транзит визасын алу үшін консулдықтың сайтынан анкета толтырып, құжат, ұшақ билеттері мен сіз бара жатқан елдің визасының көшірмесін өткізесіз. Құжаттардың бәрі ағылшын тіліне аударылуы керек. Консулдыққа барғаннан кейін биометрияңызды тапсырып, алымын төлейсіз.
Қытай
Қазақстан мен Қытайдың арасында визасыз режим бар. Қазақстан азаматтары Қытайда 30 күн визасыз жүре алады.
АҚШ
Нюанс жоқ, транзит визасын жасатуыңыз керек.
Канада
Қайда бара жатсаңыз да, неше сағат отырсаңыз да, бәрібір виза жасатуыңыз керек.
Оңтүстік Корея
Қазақстан мен Оңтүстік Корея визасыз режим орнатқан. Кореяға барған қазақ азаматы 30 күн визасыз жүре алады, бірақ оған K-ETA рұқсатын алу керек. Кореяға өзге елден ұшып барсаңыз, рұқсатыңыз бар болса да, транзит визасын алу керек. Мысалы, Ресейден. Бағытыңыз Алматы — Владивосток — Сеуіл — Токио болса, транзит визасын алуыңыз қажет.
БАӘ
Біріккен Араб әмірліктері мен Қазақстанның арасындағы режим — визасыз режим. Ол елде біз 30 күн визасыз жүре аламыз.
Қатар
2024 жылы Қатарға виза алудың керегі жоқ. Елдің аумағында 30 күн рұқсатсыз жүруге болады. Транзит арқылы ұшып бара жатырсыз ба, жоқ па, ешқандай құжат қажет емес.
Қазақстан азаматтары транзит визасын жасату үшін қайда барады?
Сіз барғалы жатқан елге байланысты. Тапсыратын құжаттар тізімі көбіне былай: паспорт, фото, бара жатқан елге алған билетіңіз, виза (бар болса), сақтандыру, қаржы жағдайыңызды дәлелдейтін құжаттар (мысалы, банк анықтамасы). Оларды тапсыру үшін елшілік, виза орталығына я консулдыққа барасыз.
Виза алғыңыз келсе, бірақ қалай аларыңызды білмесеңіз, біздің сайтты ашып, өтінім қалдыра кетіңіз.
Туристерге айтар кеңесіміз
Әр елдің транзитке қатысты өз ережелері болса да, мына кеңестерге құлақ түріңіз.
№1 кеңес. Ақпаратты ұшар алдында тексеріп алыңыз. Әр елдің ережесі әп-сәтте өзгере салуы мүмкін. Бұл мақала — ақыл-кеңес түрінде жазылған мақала. Сондықтан бар ақпаратты өзіңіз нақтылап алыңыз.
№2 кеңес. Құжат тапсыруға ертерек дайындалыңыз, кейде олар қосымша құжат сұрауы мүмкін.
№3 кеңес. Депортацияға ұрынбайын десеңіз, сақтаныңыз. Консулдыққа я елшілікке хабарласа алмасаңыз, билет алған әуе компаниясына не туризм агенттігіне қоңырау шалыңыз.
5
0