Турист ваучері деген не?

Турист ваучері деген не?
Анықтама 4 мин оқисыз
10.05.2024

Турист ваучері деген не?

Сапарыңызға кепіл болар нәрсе

Турист ваучері — саяхат әлеміндегі ең маңызды құжаттардың бірі. Ол сізге барлық броніңізді растайды әрі әр брондалған қызмет дұрыс көрсетілетініне кепіл болады. Қазіргі заманда сапар шекпейтін адам жоқ. Сондықтан бұл құжат әр сапардың ажырамас бір бөлігіне айналды. Турист ваучері қысқа іссапарда да, бір айлық саяхатта да керек болады. Турист ваучері не екенін, не үшін керек екенін, қалай алуға болатынын айтып берейік.

Турист ваучері деген не?

Турист ваучері — туризм қызметтері пакеті брондалғанын растайтын құжат. Басқаша айтқанда турист пен компания жасасқан әрі сапардың егжей-тегжейі жазылған келісімшарт. Онда турист қалай сапар шегетіні (ұшақ, пойыз), қай қонақүйге жайғасатыны, трансфері, экскурсиясы мен агенттіктің басқа да қызметі жазылады.  

Турист ваучері ХХ ғасырдың басында Thomas Cook сияқты туризм компаниялары топтық тур ұйымдастыра бастағанда қолданыла бастады. Ваучер тур ақысының бір бөлігі төленгеніне дәлел қағаз болды.

Турист ваучері тур брондалғаны мен төленгеніне дәлел ғана емес, виза алғанда, кей келге кірерде керек болар құжат. Бұл ваучер сапарыңыздың мақсаты мен ақысы төленген тұратын жеріңіз барын дәлелдейді.

Кейде ол аттракцион, музей я транспорт ақысына жеңілдік берер құжат болуы да мүмкін.

Турист ваучерінің түрі қандай болады?

Турист ваучері кәдімгі ресми құжат сияқты. Қағаз ретінде де, электрондық форматта (сайттан алсаңыз) да рәсімделе береді. 

Турист ваучерінде мынандай маңызды ақпарат жазылып тұрады:

  • Туристің аты-жөні, байланыс дерегі (мекенжайы, телефон нөмірі);
  • Сапардың егжей-тегжейі (күні, бағыты, қонақүйдің аты, жол жоспары);
  • Басқа қандай қызметтер қосылғаны (тамақ, транспорт);
  • Турдың шарттары мен ережелері, мысалы, қайтару я өзгерту шарттары.

Кей ваучерде сақтандыру мен басқа қызметтер туралы ақпарат, ал басқаларында құжат шын екенін тексеретін код жазылып тұрады.

Ваучер берілетін мерзім

Турист ваучерінің мерзімі турдың мерзіміне тең. Көбіне қонақүйге жайғасатын я ұшатын күні басталады да, сапар аяқталғанда, яғни қонақүйден шығатын күні я қайтатын күні аяқталады. 

Туризмге арналған ваучер сонда көрсетілген мерзімге беріледі. Онда жазылған барлық қызмет осы уақыттың ішінде көрсетіліп үлгеруі керек. Тур аяқталғанда және сапар өтетін елден шыққанда жарамсыз болып қалады.

Турист ваучерін қайдан алуға болады?

Туристер ваучерін көбіне туризм агенттіктерінен алады. Агенттік дайын туризм пакетін ұсынады я қалауыңызға қарай тур ұйымдастырып береді. Турдың ақысын төлегеннен кейін сізге турист ваучері беріледі.

Баспана, ұшақ билеті, экскурсия брондалып қойғанын дәлелдейтін ваучер беретін түрлі онлайн сервистер жетеді. Мысалы, Booking.com, Expedia, TripAdvisor. Брондап, ақысын төлегеннен кейін турист электрондық ваучер алады. 

Турсыз саяхатқа шыққыңыз келсе, тұратын жеріңіз бен ұшақ билетіңізді қонақүйдің я әуе компаниясының ресми сайтынан ала аласыз. Олар да ваучер я бронь расталғаны жазылған құжат жібереді.

Саяхатқа арналған кей қолданбалар да ваучер береді.

Ваучер күйіп кеткелі тұрған тур алғандарға беріле ме?

Иә, ваучер мерзімі аяқталғалы тұрған тур алғанда беріледі. Бірақ мынандай ерекшеліктері бар. Ваучер жолға шығарға бірнеше күн я бірнеше сағат қалғанда жіберіледі. Сондықтан жолға тез шығып кетуге дайын болыңыз. Одан бөлек, күйіп кеткелі тұрған турлардың ваучері кәдімгі турлардың ваучері сияқты икемді бола бермеуі мүмкін. 

Турист ваучерін аларда неге мән беруіміз керек?

  1. 1

    Сапардың егжей-тегжейі. Ваучерде саяхатыңызға қатыстының бәрі барына (күндері, тұратын жер, транспорт, трансфер, экскурсия, тамақ сияқты өзге де қызметтер) көз жеткізіңіз. Бәрі нақты жазылуы керек.

  2. 2

    Деректеріңіздің дұрыстығы. Жеке деректеріңіз бен сапарға қатысты өзге ақпарат дұрыс жазылып-жазылмағанына мән беріңіз. Қате кетсе, рейске тіркеледе я қонақүйге жайғасарда мәселеге тап боласыз. 

  3. 3

    Турист ваучерін қолдану шарттары. Ваучердің шарттарын, әсіресе қайтару, броньды өзгертуге қатысты шарттарын мұқият оқып алыңыз. Шаруаңыз шығып қалып, турға бара алмай, ақшаңызды қайтарарда осы шарттар сізге керек болады.

  4. 4

    Турист ваучерінің мерзімі. Ваучер қанша уақыт жарамды болатынын сұрап алыңыз. Сапарыңызды ұзартқыңыз келгенде керек болады бұл ақпарат. 

  5. 5

    Қосымша алым мен төлемдер. Турист ваучерінің ақысына қандай алым қосылғанын, қосымша төлеуіңіз керек төлем (турист салығы, багаж алымы) бар-жоғын біліп алыңыз. 

  6. 6

    Сақтандыру. Ваучердің ақысына сақтандыру қосылып-қосылмағанын біліңіз. Қосылмаған болса, бөлек сатып алыңыз. Жолда ем керек болғанда, багажыңызды жоғалтып алғанда сақтандыру соларға кеткен ақшаңызды өтеп береді. 

  7. 7

    Растау мен құжаттар. Ваучерді алғаннан кейін қолыңызда керек құжаттардың бәрі барына көз жеткізіңіз. Оларды дұрыстап бір жерге салып қойыңыз. Ал электрондық көшірмелерін мобайл құрылғыңызға сақтап қойыңыз.

Туроператордың сенімді екеніне көз жеткізіңіз. Ваучер алғалы отырған туризм компаниясы я онлайн платформа заңға сай істейтініне көз жеткізіңіз. Ең дұрысы — бұрыннан істеп келе жатқан беделді, барлық рұқсаты бар компаниядан алыңыз. 

0

0

,

Осы айдардан:

Біріккен араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Біріккен араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Уақыт үнемдеп, планетамызды қорғаймыз

Уақыт үнемдеп, планетамызды қорғаймыз

Түрлері, процесс пен берілмей қалуына түрткі болар себептер

Түрлері, процесс пен берілмей қалуына түрткі болар себептер

Виза тақырыбын жалғастырамыз

Виза тақырыбын жалғастырамыз