Рейске кешігіп қалдым. Қайтсем болады?

Рейске кешігіп қалдым. Қайтсем болады?
Анықтама 8 мин оқисыз
10.08.2023

Рейске кешігіп қалдым. Қайтсем болады?

Кешігіп қала беретіндерге арналған нұсқаулық

Барлық ұшақ өз регламентіне қарай ұшады. Олай ұшпаса, оған белгілі бір себеп бар деген сөз. Ұшақ пен ауа райына ештеңе болмаса, рейсіңіз кідірмей ұшуға тиіс. 

Ұшақ кідірту үнемі қымбатқа шығады. Әуе кемесі ұшатын уақытын өткізіп алса, келесі бос уақытты күтуге тиіс, демек әуе компаниясы әуежайда ұзағырақ тұрғаны үшін артық ақы төлейді.

Ұшаққа кешігіп бара жатқанда қайтпек керегін айтайық. 

Есіңізде болуы керек негізгі ережелер

  • Қай рейс болсын тіркелу 2-3 сағат бұрын басталады да, ұшарға 40-60 минут (ішкі бағыт), 90 минут (сыртқы бағыт) қалғанда аяқталады. 
  • Кешігіп қалмау үшін әуежайға ерте барыңыз.
  • Жануарыңызбен я өлшемі стандарт емес багажбен бірге ұшсаңыз, оның үстіне тағы 1 сағат қосыңыз.
  • Кей рейске онлайн тіркеліп қоюға болады, ал кейбіріне тек әуежайға барып тіркелуге болады.
  • Мінгізу ұшарға 15-30 минут қалғанда басталады.
  • Отырғызу талонына жазылатын уақыт жергілікті болады. 
  • Қай әуежайдан ұшатыныңызды анықтап алыңыз. Мысалы, Ыстамбұлда я Нью-Йоркте бірнеше әуежай бар, ал Қатарда терминалдар бір-бірінен өте алыс жатыр. Сондықтан билетте жазылған әуежайға баруыңыз керек. Барар алдында қай есіктен кіреріңізді анықтап алыңыз. Үлкен әуежайларда бір шетінен, екінші шетіне жетуге біраз уақыт кетеді. Әуежайлардың көбі Fast Track қызметін ұсынады, соны пайдаланып керек гейтке тез жетіп алуға болады.
Қазақстандағы танымал әуе компанияларының тіркеуге бөлген уақыты
Air AstanaОнлайн тіркелу ұшуға ары кеткенде 36 сағат қалғанда басталып, 1 сағат қалғанда аяқталады. Ішкі бағыттарға әуежайдан тіркеу 1,5 сағат бұрын басталады да, 40 минут бұрын аяқталады. Халықаралық тіркеу 3 сағат бұрын басталып, 1 сағат қалғанда бітеді.
FlyArystanОнлайн тіркелу 30 күн бұрын ашылады да, ұшардан 40 минут (Қазақстандағы рейстер) я 60 минут (шетелге ұшатын рейстер) бұрын аяқталады. Барып тіркелуге болмайды. Ал багажды 2 сағат-40 минут (сыртқы рейстерде 60 минут) қалғанда тапсыруға болады.
SCATОнлайн тіркелу 24 сағат қалғанда басталып, 1,5 сағат (ішкі бағыт) я 3 сағат (сыртқы бағыт) қалғанда аяқталады. Әуежайда тіркеу мен багаж қабылдау 60 минут (халықаралық рейс) я 40 минут (ішкі рейс) қалғанда аяқталады.
Qazaq AirОнлайн тіркелу 40 сағат қалғанда басталып, 3 сағат қалғанда аяқталады.

Ұшақ билетінің тарифін қалай білуге болады?

Билетіңіздің тарифі туралы ақпарат билет аларда да, маршрут түбіртегінде де көрсетіледі. Не тариф екенін түсінбесеңіз, әуе компаниясының сайтынан білуге болады. 

Негізі, билеттің үшін түрі болады. Айырмашылығы қайтару және ауыстыру ережелерінде, салондағы жайлылық пен бағасында. Олар: ең арзан әрі қайтарылмайтын билет, бағасы орташа билет пен бизнес-класс. 

Авиатадан билет алғанда тарифін бірден көресіз. Айтпақшы, кей әуе компаниясының үштен көп я аз тарифі болуы мүмкін. Мысалы, Air Astana-ның төрт тарифі бар: «Классикалық», «Толық икемді», «Тиімді бизнес» пен «Икемді бизнес».

Қайтарылмайтын арзан билеттер

Арзан билеттер — әдетте қайтарылмайтын билеттер. Оларды тек әуе компаниясы форс-мажорға ұшырағанда қайтаруға болады. Десе де бүкіл сома кері берілмейді. Көбіне тек алымы қайтарылады (мысалы, әуежай алымы). Бұл билеттерді ауыстыру да қиынға түседі, көп ауыстырыла бермейді. Билет қайтару туралы мақаламыздан қайтару туралы көбірек ақпарат ала аласыздар.

Орта бағалы билеттер

Бұл билеттердің ақысының бір бөлігін қайтарып алуға болады. Әуе компанияларының ережелері әр кезде әртүрлі. Ауыстырсаңыз, тіркеу аяқталғанға дейін ауыстырып үлгеруіңіз керек. Мысалы, «Эйр Астананың» тіркеуден ертерек ауыстырсаңыз, ақшаңыздың тек 10 пайызынан айырыласыз. 

Бизнес билеттері

Бизнес-класс — ең қымбат ұшақ билеті. Оның ережелері ең тиімді. Рейске кешігіп қалсаңыз, ауыстыру тегін, ал қайтарсаңыз, айыппұл салынбайды. 

Ұшаққа кешігіп қалсаңыз, ақшаңызды кері алуға бола ма? 

Көбіне болмайды. Жаңа айтқанымыздай, кешігіп қалсаңыз, ақшаңызды билетіңіз бизнес болса ғана қайтарып алуға болады. 

Басқа жағдайларда билетті әуе компаниясы міндетін орындамаса қайтаруға болады. Мысалы, 3 сағаттан аса кідірсе я мінетін жерді басқа гейтке я терминалға ауыстырса, ұшақтың типін ауыстырып жіберсе, ауыстыруға болады. Айтпақшы, кеден я шекара қызметі cізді ұзақ тексеріп, тыйым салынған зат таба алмаса және сіз соның кесірінен рейске кешігіп қалсаңыз, қайтарылмайтын билеттің ақысын кері алуға болады. Бірақ оған дәлел жинауыңыз керек. Мысалы, тексеріс қанша уақытқа созылғаны туралы. 

Билетті айыппұлсыз қайтаруға болатын жағдайлар — жолаушының я оның жақын туысының қайтыс болуы.

Тіркеу аяқталса, бірақ ұшақ әлі ұшпаған болса не істеу керек?

Тіркеуге кешігіп қалсаңыз, кешіккендерге арналған үстелге барыңыз. Ондай бөлім, мысалы, Мәскеудегі «Внуково» әуежайында бар. Ондай бөлім болмаса, әуе компаниясының өкілдігіне барып, жағдайыңызды түсіндіріп көріңіз. Барынша дауыс көтермей түсіндіріңіз. Тасымалдайтын компанияның қызметкерлері мынандай екі амал ұсынуы мүмкін: тіркеу аяқталғалы көп уақыт өтпесе я кешіккендерге қатал қарамаса, сізді рейске мінгізеді, бірақ мүлдем болмайды десе, билетті ауыстырыңыз я қайтарыңыз деп ұсынады. Кешіккендерді тіркеп, мінгізерде мына факторларға қарайды: гейт қаншалықты алыс, жолаушының багажы бар ма, диспетчерге жолаушылар тізімі берілді ме, жоқ па. 

Гейттің есігі жабылса, қызметкерлерді мүлдем көндіре алмайсыз. Мұндайда жалғыз амал — билетті енді ұшатын рейске ауыстыру я ақысын қайтарып алу.

Рейске тіркеліп қойсаңыз, бірақ мінгізу аяқталған болса, қайтпек керек?

Тіркеліп үлгерсеңіз, бірақ гейтіңізге уақытылы жете алмай қалсаңыз, қызметкерлер сізді дауыстып шақырады. Оған да үлгермей қалсаңыз, бортсеріктер ішке кіргізбейді. Ұшақ ұшпай тұрса да, мінгізбейді. Себебі сіз кешігіп қалдыңыз. Тарифіңізге қарай билетіңізді ауыстыруға я қайтаруға болады. 

Тіркеу үстеліне барып, айғай шығарудың керегі жоқ. Әйтпесе қызметкерлер сізді қара тізімге енгізіп жіберуі мүмкін. 

Дәнекер рейске кешігіп қалсаңыз, қайткеніңіз жөн?

Дәнекер рейсіңіз қандай болғанына, яғни билетіңіз біреу я екеу болғанына байланысты. Бірінші рейс пен дәнекер рейс бір билет болса, әуе компаниясы дәнекер рейске уақытылы мінгізбегені үшін өтемақы төлеуге, басқа рейске мінгізуге я баратын жеріңізге басқаша жеткізуге тиіс. Дәнекер рейске тасымалдаушының кесірінен үлгере алмай қалсаңыз, кідірген рейстегідей әуе компаниясынан ас-су мен түнейтін баспана сұрай аласыз. 

Бірінші рейсіңіз бір билет, дәнекер рейсіңіз басқа билет болса, бірінші рейске жауапты әуе компаниясы басқа дәнекер рейске мінгізуге міндетті емес. Ондайда екінші билетіңізді тарифіңізге қарай ауыстырыңыз я жаңасын алыңыз. Сондай-ақ барлық түбіртекті сақтап қойыңыз, әуе компаниясынан бірінші рейсіңіз уақытылы ұшпайды я ұшқан жоқ деген анықтама алып алыңыз. Кейін сол компанияның үстінен арыз жазып, ақшаңызды кері аларда керек болады.

Рейстеріңізді өзіңіз үйлестірсеңіз, арасы 60 минуттан көп болсын. Екі рейс бір терминалдан ұшса да, бір әуе компаниясы жауапты болса да, арасы 1 сағаттан ұзақ болсын. 

Кешігу себебі маңызды ма?

Иә, кейде әуе компаниясы билеттің ақысын түгел қайтаруы я айыппұлсыз ауыстырып беруі мүмкін. Мысалы, келесі рейске әуе компаниясының кесірінен үлгере алмай қалсаңыз я шекара қызметі ұзақ тексерсе, бірақ тыйым салынған ештеңе таба алмаса. 

Билетті қайтаруға мәжбүр болсаңыз, оған не себеп болғанына дәлел жинауыңыз керек. Мысалы, рейс шынымен кідіріп, кестеге сай ұшпайтыны туралы белгі я мөр қойдырып алуыңыз керек я әуежайдағы қауіпсіздік қызметінен осынша уақыт тексерілді, бірақ ештеңе табылмады деген анықтама алыңыз. Кей әуе компаниясы ақшаны қайтарарда оны тек ваучерге қайтаруы мүмкін, бірақ сіз оны картама аударыңыздар деп талап ете аласыз.

Туғаныңыз қайтыс болса, ол да — билеттің ақысын кері талап етуге себеп болатын жағдай. Басқа себептер, мысалы, көлігіңіз бұзылып қалды, итіңіз күшіктеді, үйдегі тұрба жарылып кетті дегендер билетті қайтаруға мәжбүр қылар факторлар емес. Ондайда билетіңізді ерікті түрде қайтарасыз.

Рейске мінбегендерге салынатын айыппұл

Рейске бармау «no-show» деп аталады. Бұл дегеніміз — жолаушы рейске барған жоқ және әуе компаниясына ескерткен жоқ деген сөз. Мұндайда жолаушы айыппұл төлейді. Төлейді дегенде сізден біреу ақша талап етпейді я шот жібермейді. Айыппұлдың орнына сізден әуе компаниясының алымын алып қалады. Мысалы, ұшаққа кешігіп қалып, билетіңізді ауыстырсаңыз, сізден тарифтердің айырмасын, ауыстыру ақысы мен рейске бармағаныңыз үшін айыппұл алынады.

Айтпақшы, дәнекер рейске билет алып, кейін сол екі (не одан да көп) рейстің біріне кешігіп қалсаңыз, әуе компаниясына ескертіңіз, әйтпесе барлық билетіңіз күйіп кетеді. Әуе компаниясына хабарласып, қалған билеттерді сол күйі қалдырғыңыз келетінін айтыңыз.

Мінбей қалсаңыз, багажыңызға не болады?

Тура ұшатын рейске тіркеліп қойсаңыз, бірақ мінбей қалсаңыз багажыңызды ұшырмайды. Әуе компаниясына хабарласып, шабаданыңызды кері алыңыз. 

Орта жолда ауысып мінетін болсаңыз, ал багажыңызды тіркеп тастасаңыз, оны ұшағыңыз орта жолда аялдайтын әуежайдан алуыңыз керек. Оған да үлгермесеңіз, ең соңғы рейсіңіз қонатын әуежайдағы  Lost and Found қызметіне барып алуыңыз қажет. Ол жаққа бара алмасаңыз, әуе компаниясына хабарласып, кері алдырсаңыз болады. 

Багажыңыз жоғалып кетсе және сіз онсыз қайтып келе жатсаңыз, оны қалып қойды деп шекарада декларациядан өткізуіңіз керек. Өйтпесеңіз, қайтарып алу үшін баж төлеуге мәжбүр боласыз.

Түйін

Билет аларда тарифіне қарап алыңыз. Бәлкім артық төлеп, ауыстыру я қайтару мүмкіндігіне ие болған жөн шығар. 

Тіркеуге я мінгізуге кешігіп бара жатсаңыз, бірден әуе компаниясына хабарласыңыз. Ескертпесеңіз, билетіңіз күйіп кетуі мүмкін. Әуе компаниясының қызметкерлері тіркелуге рұқсат берсе, ұшаққа мінгеннен кейін ғана босаңсуға болады. 

Ең дұрысы, әрине, багажыңызға тыйым салынған зат салмай, әуежайға ерте бару. 

3

1

,

Осы айдардан:

Біріккен араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Біріккен араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Сапарыңызға кепіл болар нәрсе

Сапарыңызға кепіл болар нәрсе

Уақыт үнемдеп, планетамызды қорғаймыз

Уақыт үнемдеп, планетамызды қорғаймыз

Түрлері, процесс пен берілмей қалуына түрткі болар себептер

Түрлері, процесс пен берілмей қалуына түрткі болар себептер