Рейс кідіргенде қайткеніңіз жөн?
Жолаушылар қандай өтемақы талап ете алады?
Жағдай былай делік: сіз әуежайға бардыңыз, шекарадағы тексерістен өтіп, күту залында отырсыз, жарты сағаттан кейін ұшаққа отырғызу басталады. Бірақ дәл сол сәтте әуе компаниясының қызметкері шығып, рейс бір себептерге байланысты кідіретінін айтады. Ұшақ қашан ұшары белгісіз. Бір сағаттан кейін, екі сағаттан кейін, тіпті ертесі күні ұшуы мүмкін.
Кей жағдайда әуе компаниялары мұндай ыңғайсыздық үшін өтемақы беруге тиіс.
Осы мақалада рейс неге кідіртілетінін, ондайда қандай өтемақы талап етуге болатынын айтып береміз.
Рейс неге кідіріп ұшады я неге мүлдем ұшпай қалады?
Көбі ұшақ отырғызу талонындағы көрсетілген уақытта ұшып кетуге тиіс деп ойлайды. Жоқ, талонда көрсетілетін уақыт — ұшақ тұрақтан шығатын немесе борт есігі жабылатын уақыт.
Рейс кідіргеніне екі нәрсе себеп болуы мүмкін: 1) әуе компаниясы солай деп шешті 2) әуе компаниясына қатысты емес кедергілер түрткі болды. Бірінші жағдайға ұшу кестесі өзгергенін, ал екінші жағдайға қолайсыз ауа райы, техникалық ақау мен форс-мажорды жатқызуға болады.
Егер рейс кідіргеніне әуе компаниясы кінәлі болмаса, жолаушыларға өтемақы беруге міндетті емес. Бірақ ұшу кестесін өзгерткен сол болса, беруге тиіс.
Ұшақ ауа райына байланысты ұшпай жатқан болса, әуе компаниясы борт қашан әуеге көтерілетінін дөп басып айта алмайды. Мұндай кезде тасымалдаушы ұшағын амандығыңыз үшін ұшырмай отырғанын ескеріңіз.
Жолаушының рейс кідіргендегі құқығы
Қазақстанда рейс кідірсе, не істеуге болады?
Рейс кідіретіні тіркеуге дейін ескертілсе, бірақ сіз әуежайға барып тұрсаңыз, тіркеу үстеліне барып, кідірістің себебін біліңіз.
Кей компания рейс кідіретінін 4-5 сағат бұрын хабарлайды, кейде SMS хабарлама жібереді.
Как вернуть или обменять авиабилеты и не потерять на этом деньги
Өтемақы талап еткенде қандай заңға сүйенетініңізді де біле жүріңіз. Қазақстанда мұндай құқығыңызды Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы заңның 86-бабы қорғайды. Оған сүйенсек:
- Рейс екі сағаттан аса кідірсе, жолаушы әуе компаниясының есебінен екі рет тегін қоңырау шала алады, оның ұзақтығы 5 минуттан аспауы керек. Сондай-ақ тасымалдаушы сізге тегін сусын беруге тиіс.
- Рейс төрт сағаттан аса кідіртілсе, күндіз алты сағат сайын, түнде сегіз сағат сайын ыстық ас берілуге тиіс.
- Ұшақ ұшқанын күтіп отырғаныңызға сегіз сағат болса, әуе компаниясы жолаушыларды қонақүйге апарып, тегін орын беруге міндетті. Апарып әкелуі де ақысыз болуы керек.
- Күту уақыты 10 сағаттан асса, жолаушы барар жерге жақын арада ұшатын ұшақпен жетуге не билет ақысын толықтай қайтарып алуға құқылы.
Кідіріске әуе компаниясының өзі кінәлі болса, онда ол ұшақ кідірген әр сағат үшін жолаушыларға билет ақысының 3%-ын қайтарып беруі керек. Бірақ сома билет бағасынан асып кетпеуге тиіс.
Ал Ресейде рейс кідірсе, не болады?
Олардың заңдары біздікіне ұқсас.
Тек бір қосарымыз — рейсіңіз қанша сағат кідірсе де, багажыңызды сақтау камерасыне тегін өткізе аласыз. Ал жетіге толмаған бала ертіп жүрген болсаңыз, сізге ана және сәби бөлмесі беріледі.
Потерялся багаж в аэропорту: что делать и куда обращаться за помощью
Рейс коронавирустың кесірінен ұшпайтын болса, компания өтемақы өтеуге міндетті емес. Онда сіз әуе компаниясы ұсынған басқа рейспен ұша аласыз, қажет емес десеңіз, өз рейсіңізді күтесіз.
Еуропа одағында рейс кідірсе
Бұл жерде Еуропа одағы дегеніміз 27 ел мен оған кірмеген Исландия, Норвегия, Швейцария, Гуаделупа, Француз Гуианасы, Мартиника, Реюнион, Сен Мартен, Майотта, Асориш, Мадейра мен Канар аралдары.
Өтемақы мөлшері бағыт қашықтығына байланысты: Б нүктесі А нүктесінен қаншалықты алыс жатса, өтемақы төленуі үшін рейс соншалықты көп уақыт кідіруі керек. Бұл дегеніміз не?
Мысалы, рейс қашықтығы 1500 шақырымнан аз болса, ұшақ екі сағаттан аса кідіргенде тамақ сұрай аласыз. Қашықтық 1500-3000 шақырым болса, өтемақыны рейс үш сағаттан аса кідіргенде сұрауға қақыңыз бар.
Рейс уақыты келесі күнге ауыстырылса, компания қонақүйге апаруға, тегін орын беруге міндетті.
Басқа ұшаққа мінем я рейсіңізді күтем десеңіз, өтемақы сомасы 125 еуро мен 600 еуро арасы болады.
- Рейс ұшпайтыны немесе өзге рейске ауыстырылғаны 14 күннен аз уақыт қалғанда ескертілсе, өтемақы көлемі 125-600 еуро болады. Бірақ жаңа рейс 2 сағат ертерек ұшып кетсе және 4 сағаттан кейін барса, өтемақы беру ережесі өзгеше болады.
- Рейс кідіріп, барар жеріңізге айтылған уақыттан 3+ сағат кеш жетсеңіз, 250-600 еуро шамасында өтемақы беріледі.
- Овербукиңнің кесірінен ұша алмай қалсаңыз, 250-600 еуро берілуге тиіс.
Компания рейсті 5 сағаттан аса уақыт кідіртсе, ұшпаймын деп толық өтемақы талап ете аласыз. Кідірген рейстің кесірінен өзге рейске міне алмай қалсаңыз, компания пайдаға аспаған барлық өзге билеттің ақысын өтеуге және бастапқы әуежайға тегін жеткізуге міндетті.
Еуропа одағында ұшақ жолаушыларының құқығы № 261/2004 ЕО 4-9-регламенті мен Монреал конвенциясына сай қорғалады. Еуропа одағында ұшатын, одақтан ұшатын барлық рейс пен Еуропа тасымалдаушылары орындайтын барлық рейс осы регламентке сай істеуі керек.
Азия мен Африка
Азия мен Африкада ережелер тасымалдаушы компанияға байланысты. Жолаушы құқығы әдетте билет аларда жасалатын келісімшартта көрсетіледі.
Мысалы, Кореяның Asiana Airlines әуе компаниясының рейсі кідіріп, барар жерге 3 сағаттан аса кешігіп барсаңыз, сізге мөлшері 600 еуро дейінгі өтемақы беріледі.
Мәселен, Үндістанда тасымалдаушы компания рейс ұшпайтынын екі апта бұрын хабарлауы керек. Мұндайда жолаушының екі амалы бар: баратын жерге сол әуе компаниясының басқа рейсімен бару я билет ақысын қайтарып алу.
Компания жолаушыға кідіріс болатынын екі аптадан аз уақыт қалғанда ескертсе, балама рейстің уақыты мен бірінші рейстің уақыты арасындағы айырмашылық 2-ақ сағат болуы керек. Бұл ережелер сақталмаса, компания билет құнын толықтай қайтаруға және ұшу ұзақтығына қарай өтемақы төлеуге тиіс (екі сағаттан асса — 10 мың рупия).
АҚШ, Канада мен Оңтүстік Америка елдері
АҚШ-та рейс кідіргенде әуе компаниялары бүйтуі керек деген нақты регламент жоқ. Америкада ұшақ жолаушыларының құқығы тасымалдау туралы келісімшартқа (Contract of carriage) сай қорғалады. Ұшақ билетін алғанда бұл келісімшартқа автомат түрде қол қойған боласыз.
Келісімшартқа сай әуе компаниясы ақшаңызды түгелдей қайтаруға немесе басқа нәрсе ұсынуға міндетті. АҚШ-та рейс кідірсе не ұшпайтын болса жолаушыларға өтемақы беру деген жоқ.
Канадада жолаушы құқығын қорғайтын заң бар. Ұшақ кідірсе я ұшпайтын болса жолаушылар өтемақы талап ете алады. Оның сомасы әуе компаниясы мен кідірістің ұзақтығына байланысты. Ірі тасымалдаушы компаниялар төлейтін айыппұл көлемі 400 Канада долларынан, кішігірім компаниялардікі 125 Канада долларынан басталады.
Өтемақыны рейс орындалғаннан кейінгі 1 жыл ішінде сұрауға болады. Егер рейсті Еуропа әуе компаниясы немесе Канада компаниясы рейсті Еуропада орындаса, ақы Еуропа одағының регламентіне қарай төленеді.
Орталық және Оңтүстік Америкада ережелер елге байланысты. Мысалы, Мексикада жолаушы құқығы Азаматтық авиация мен Тұтынушы құқығы туралы федерал заңға сай қорғалады. Моральдық өтемақы Еуропа одағындағысына қарағанда аз төленеді. Мәселен, рейс 2-4 сағат кідіретін болса, компания билет ақысының 7,5%-ын ғана төлейді. Ал кейде Interjet сияқты әуе компаниялары ең арзан тарифті билет ұсынады.
Рейсі кідірген әуе компаниялары төлейтін өтемақылар
Жолаушылар ұшағы кідірсе өтеамқы сұрай алады. Айыппұл мөлшері бірнеше факторға байланысты:
- рейс қай елде кідірді немесе ұшпай қалды?
- ұшпай жатқан рейс қай компаниянікі?
Әуе компаниясы өтемақы бермесе қайтпек керек?
Кейде тасымалдаушы өтемақыңызды бермей жатады немесе береміз деп уақыт созып жүреді. Бұл компания Қазақстандікі болса, рейсі кідірген не ұшпай қалған жолаушыға дұрыс қызмет көрсетпегені немесе мүлдем көрсетпегені үшін «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 567-бабына сай жазаға тартылатынын ескертіңіз. Айыппұл көлемі — 200 АЕК (481 000 теңге), компания бір жылда тағы сөйтсе, 1000 АЕК (2 405 000 теңге) төлейді.
Одан бөлек, Тұтынушы құқығын қорғау комитеті мен Азаматтық авиация комитеніне шағымдансаңыз болады.
Билетті қайтаруға мәжбүр болу
Ұшудан мәжбүрлі түрде бас тарту — рейс кідіргенде немесе ұшпайтын болғанда билет ақысын түгелдей қайтарып алу мүмкіндігі. Компания ұсынған қонақүйге барсаңыз да, берген тамағын ішсеңіз де, билетті мәжбүрлі түрде қайтаруға болады.
Билеттің ақысы қайтарылсын десеңіз, қолыңызда рейс уақыты өзгергені туралы барлық дәлел болуы қажет: рейс кідіреді не ұшпайтын болды деген хат-хабарламаның скриншотын сақтап қойыңыз немесе рейс кестесін суретке түсіріп алыңыз.
Келесі рейске кешігіп қалсаңыз
Бір рейске кешігіп қалсаңыз, одан кейінгі рейске де үлгермей қалуыңыз мүмкін. Бұл үшін өтемақы беріле ме, жоқ па, ол жағы билетті қалай алғаныңызда, бірге алған болсаңыз, әуе компаниясы қолданылмаған билеттердің ақысын қайтаруға тиіс немесе қайткенде де сізді барар жеріңізге жеткізуі керек.
Бірақ билеттерді бөлек-бөлек алсаңыз, мысалы, Алматыдан Мәскеуге Air Astana-мен барып, ары қарай өзге компаниядан билет алып ұшсаңыз, рейс кідіргенде не ұшпай қалғанда компания келесі рейсіңізге жауап бермейді.
2
0