Овербукиң деген не?
Оған тап болмаудың және өтемақы алудың жолдары
Әуе билетін брондап, ақысын төлесеңіз де кейде ұшаққа міне алмай қалуыңыз мүмкін. Себебі ұшақта орын қалмаған. Қалай сонда, билетті не үшін алдым десеңіз, овербукиңнің кесірінен билеті барлар да ұшаққа міне алмай қалады. Осы мақалада овербукиң не екенін, қалай өтемақы сұрау керегін түсіндіреміз.
Овербукиң деген не?
Әуе компаниясы ұшақ бортындағы орыннан көп билет сатса, мұны біз овербукиң (overbooking) дейміз. Ағылшын тілінен аударғанда артық брондау дегенді білдіреді.
Әуе компаниялары неге артық билет сатады? Себебі рейске билет алғандардың 5-10%-ы түрлі себептің кесірінен мінбей қалады екен. Сондықтан бортта адам толы болсын деп артығымен сатады.
Айтпақшы, овербукиң техникалық себептерге байланысты да болуы мүмкін. Мысалы, ұшақ істемей қалғанда компания жолаушыларын басқа бортқа мінгізеді я рейсті кейінгі ұшырады.
Овербукиң заңсыз деп ойлап қалмаңыз. Оны Халықаралық әуе транспорты қауымдастығы реттейді. Сондықтан овербукиңге ұшырағанда жолаушылар өз құқығын қорғай алады, өтемақы талап ете алады. Статистикаға сенсек, ұшақ жолаушыларының бір-ақ пайызы овербукиңге ұшырайды екен.
Овербукиңге ұшырамаудың амалы қандай?
Туристер қолданатын лайфхактарды осы жерге тізіп қойдық.
- Рейске ертерек тіркеліңіз. Тіркеу ұшуға 24 қалғанда басталады. Лоукостер билетін алған болсаңыз, ертерек тіркелгеніңіз шарт.
- Онлайн тіркелмесеңіз, әуежайға ертерек барыңыз.
- Орта жолда ұшақ ауыстыратын болсаңыз, үнемі асығып жүріңіз. Себебі бір әуежайға қонып, басқа әуежайдан ұшуыңыз мүмкін. Ал олардың арасы алыс болуы ғажап емес. Сондықтан уақытқа қарап жүріңіз.
- Әуе компаниясының овербукиңге қатысты ережелерін анықтап алыңыз. Кейбірі келесі рейске тек арзан тарифті билеттері барларды мінгізеді.
Овербукиң барын қайдан білуге болады?
Онлайн тіркелгенде жүйе орын таңдатпай, тіркеуден өткізбесе овербукиң бар деген сөз. Десе де компанияға қоңырау шалып, себебін сұраңыз. Өйткені кейде жүйе істемей қалады.
Әуежайға жеткен болсаңыз, тіркеу үстеліне барыңыз. Сондағы қызметкерлер овербукиң бар-жоғын айтады.
Овербукиң болғанда компания қайтеді?
Жолаушылар ұшаққа міне алмаса, компания оларға бірнеше шешім ұсынады.
1
Бизнес-класта орын бар болса, сол жаққа эконом-кластың жолаушыларын көшіреді.
2
Келесі рейспен ұшуға келіскен адамның орнына отырғызады;
3
Өтемақы төлеп, келесі рейспен ұшырады;
4
Келесі билетіңізге жеңілдік сыйлайды.
Овербукиң болғанда қайтпек керек?
Ұшаққа мінбейсіз деп жатырса, уайымдамаңыз. Сіздің құқығыңыз бар және оны әуе компаниясы қорғауға тиіс.
Еуропада я АҚШ-та ұшаққа міне алмай қалсаңыз, 125-600 еуро сұрауға құқылысыңыз. Компания сізді келесі рейспен ұшырады, кейбірі бизнес-класқа көшіреді.
АҚШ-та келесі рейс 60 минуттан кейін ұшса, өтемақы төленбейді. Овербукиңнің өтемақысы әртүрлі болады. Келесі рейс 120 минуттан ұшса, өтемақы екі еселенеді (бірақ 675 доллардан аспауы керек), ал 240 минуттан кейін ұшса, төрт еселенеді (бірақ 1350 доллардан аспауы керек).
Мында біз рейсіңіз кідіргенде қайтпек керегін жазғанбыз. Оқи отырыңыз.
Қысқаша айтсақ, рейсіңіз төрт сағат кідірсе, ыстық ас сұрай аласыз, ал түнде алты сағат, күндіз сегіз сағат кідірсе, компания сізді қонақүйге апаруға тиіс.
Компания талаптарыңызға келіспесе, айтқанын камераға түсіріп алыңыз, тамаққа, жолға, қонақүйге ақша жұмсағаныңызды дәлелдейтін түбіртектің бәрін сақтап қойыңыз. Кейін сотқа барғанда көрсетіп, өтемақы сұрай аласыз.
Артық және кем тұстары
Овербукиңнің артықшылығы көп деп айта алмаймыз. Ол тек асығып тұрмаған жолаушыларға пайдалы болғаны болмаса өзгелерге шығын келтіреді.
Артықшылықтары:
- Өтемақы;
- Бизнес-класпен ұшу мүмкіндігі.
Кемшіліктері, керісінше, көп:
- барар жеріңізге кешігесіз;
- жоспарыңыз өзгереді;
- әуежайда түнеуіңіз мүмкін;
- жүйкеңіз тозады;
- стресс.
Авиатаның пікірі
Қазақстанда овербукиң деген ұғым жоқтың қасы. Компания қызметкерлері әдетте техникалық ақау шықты деп рейсті кейінге қалдырады я мүлдем ұшырмай тастайды.
Овербукиң әркімнің басына келуі мүмкін, сондықтан тіркеуден ертерек өтіңіз, әуежайға ерте барыңыз, құқығыңызды біліп жүріңіз, талабыңыз орындалмай жатса камераға түсіріп алуды ұмытпаңыз. Бастысы — компания өкілдерімен тілдескенде сабыр етіңіз, бірақ дегеніңізден қайтпаңыз.
5
0