Рейске қалай онлайн тіркелуге болады? ✈️

Рейске қалай онлайн тіркелуге болады? ✈️
Анықтама 8 мин оқисыз
08.04.2024

Рейске қалай онлайн тіркелуге болады? ✈️

Уақыт үнемдеп, планетамызды қорғаймыз

Рейске онлайн тіркелу қызметінің арқасында жолаушылар рейсіне өздері үйден шықпай-ақ тіркеле алады, орын таңдап қоя алады.

Онлайн тіркелу ұшуға әдетте 24-48 сағат бұрын басталады.

Рейске қалай тіркелгенді жөн көресіз?

Онлайн тіркелудің артықшылықтары көп. Кезекке тұрмайсыз, уақытыңызды үнемдейсіз. Броніңізді өзгерте аласыз, мысалы, орын таңдай аласыз я қосымша қызмет аласыз. Багажыңыз болмаса, талоныңызды көрсетіп, бірден ұшар алдындағы тексерістен өте бересіз. Кейде отырғызу талонын шығармасаңыз да болады. Тек онлайн түрін көрсетесіз.

Әуе компанияларының онлайн тіркелу процедурасы қалай өтетінін айтып берейік.

Онлайн тіркелу міндет пе? 

Жоқ, міндет емес. Онлайн тіркелгіңіз келмесе, тіркеуден әуежайға барып өтіңіз. Бастысы — әуежайға ерте барыңыз, құжатыңыздың бәрі жаныңызда болсын.

Онлайн тіркеу қашан басталады? 

Ол жағы әуе компанияңыз бен рейсіңізге байланысты болады. Рейске онлайн тіркелу әдетте ұшуға 24-48 сағат қалғанда басталады.

Мысалы, Lufthansa рейсіне онлайн тіркелу 30 сағат бұрын, British Airways-те 24 сағат бұрын басталады.

Қалай онлайн тіркелуге болады? 

Бұл жағы да әуе компанияңызға байланысты. Бірақ негізі былай өтуге тиіс: 

  1. 1

    Әуе компаниясының сайтына я мобайл қолданбасын ашыңыз. Жүйе әдетте броньнің я электрондық билеттің нөмірі мен жолаушының тегін сұрайды.

  2. 2

    Сұрағанын жазыңыз (броніңіздің нөмірі мен тегіңіздің латынша нұсқасын). Кей брондау жүйесі паспортыңыздың нөмірін я ЖСН-ды сұрайды. 

  3. 3

    Тіркелетін жолаушыларды таңдаңыз. Броніңізде бірнеше жолаушы болса, онлайн тіркелетінін таңдаңыз.

  4. 4

    Орын таңдаңыз. Кей әуе компаниясы орын таңдағанда ақы алмайды, ал кейбірі ақы сұрайды. 

  5. 5

    Қаласаңыз, қосымшы қызмет алыңыз. Мысалы, қосымша багаж, арнайы тамақ, сақтандыру. 

  6. 6

    Отырғызу талонын алыңыз. Мобайл құрылғыңызға я компьютеріңізге жүктеп алыңыз да, шығарып алыңыз. Кейбір әуе компаниясы талонды поштаға я SMS хабарлама қылып жібереді. 

  7. 7

    Әуежайға отырғызу талоны мен құжаттарыңызды алып барыңыз. Қолыңызда тек қолжүгіңіз болса, тексерістен өтуге бара беріңіз. Тапсыратын багажыңыз болса, тіркеу үстеліне барып, өткізіңіз.

Air Astana

Онлайн рейс ұшуға 36 сағат қалғанда басталып, 1 сағат қалғанда аяқталады. Амстердам, Анталия, Дели, Жидда, Дубай, Бейжің, Ыстамбұл мен Ташкентке ұшатын рейстерге тек әуежайдан тіркелуге болады. Тіркелу 60 минут бұрын аяқталады.

Онлайн тіркелер болсаңыз, Air Astana-ның ресми сайтына кіресіз. Жолаушы мына ақпараттың бірін сол жерге енгізуі керек: броньнің, билеттің нөмірі я Nomad Club мүшесінің нөмірін, жолаушының тегін.

Баласымен бірге ұшып бара жатқандар мен жастар я қарттар тарифін алғандар, арнайы өтніші барлар онлайн тіркелсе де, отырғызу талонын тіркеу үстеліне барып алуы керек.

Ересексіз балалар, қосымша орын алған жолаушылар, арбалы жолаушылар, билеті басқа әуе компаниясының (интерлайн серіктестер) бланкіне жазылғандар онлайн тіркеле алмайды.

Scat

Тіркеу 24 сағат қалғанда басталып, 1,5 сағат (ішкі бағыт) я 3 сағат бұрын (сыртқы рейс) жабылады.

Процесс әуе компаниясының ресми сайтында өтеді. Тіркелу үшін броньнің нөмірі мен тегіңізді енгізесіз.

Ересексіз балалар, қосымша орын алған жолаушылар, арбалы жолаушылар, арнайы өтініші барлар мен жануарымен бірге ұшатындар онлайн тіркеле алмайды. Арнайы өтініші барларға мысал: спорт жабдығын я қару ұстап ұшатындар.

Онлайн тіркеу қызметі мына бағыттарда жоқ: Алматыдан Шереметьево, Новосибирск, Медина, Жиддаға баратын, сол жақтардан қайтатын рейстерде, Ақтаудан Махачкала, Астрахан, Минерал сулар, Грозный, Сочи, Нүкіске барып қайтатын рейстерде, Шымкенттен Жидда мен Мединаға ұшатын рейстерде.

FlyArystan

FlyArystan-да онлайн тіркелу ұшуға 30 күн қалғанда басталады да, 40 минут (ішкі рейс) я 60 минут (сыртқы рейс) қалғанда аяқталады.

Онлайн тіркелем десеңіз, ресми сайтына кіріңіз. Броніңіздің нөмірі мен тегіңізді теріңіз. Отырғызу талонын міндетті түрде шығарып алыңыз!

Талонды шығарып алмасаңыз, әуежайдағы iJan тіркеу стендіне я тіркеу үстеліне барыңыз. Ақысын төлеңіз. iJan-ның көмегімен тіркелу туралы көбірек ақпаратты мына жерден оқыңыз.

Онлайн тіркелуге болмайтын жағдайлар:

  • чартер рейске;
  • қосымша орын алған жолаушылар;
  • ересексіз жүрген 16-ға толмаған жолаушылар.

Жүріп-тұруы шектеулі және арнайы көмекке мұқтаж жандар, қасында жануары бар, қару мен амунция ұстап ұшатындар, тіркеу үстелінде банк картасын көрсетуге тиіс жолаушылар онлайн тіркелсе де, талонын тіркеу үстеліне барып алуы керек. 

Qazaq Air

Рейске 48 сағат қалғанда онлайн тіркелуге болады. 3 сағат қалғанда аяқталады. Отырғызу талонын шығарып алу керек. Топта 9-дан артық адам болса, онлайн тіркеле алмайсыз.

Процедура Qazaq Air-дың ресми сайтында өтеді. Жолаушының тегі мен билеттің нөмірін жазуыңыз керек.

Turkish Airlines

Сайттан тіркелу рейске 24 сағат қалғанда басталып, 90 минут қалғанда аяқталуы керек.

Тіркелем десеңіз, компанияның сайтына я қолданбасына кіруіңіз қажет. Жолаушының тегін, билетінің я бронінің нөмірін жазасыз. Берген талонын шығармасаңыз болады. Әуежайда қолданбадағы QR кодын көрсетсеңіз болады.

Flydubai

Тіркелу 48 сағат бұрын басталып, 45 минут бұрын аяқталады.

Онлайн тіркелем дегендер әуе компаниясының сайтына я қолданбасына кіруі қажет. Броньнің нөмірі мен жолаушының тегін жазуы керек. Сайт ағылшын, араб және орыс тіліне аударылған.

Жасы 7 күн-2 жас арасындағы балаларын арқалаған жолаушылар рейске онлайн тіркеле алады. Ересексіз 12 жасар балалар әуежайдағы тіркеу үстеліне баруға тиіс.

Арбалы жолаушылар онлайн тіркелсе де, талонын әуежайға барып алуы керек.

Мына жағдайларда онлайн тіркелуге болмайды:

  • Кредит я дебет картаңызды әуежайдағы тіркеу үстелінің басында тексерту қажет болғанда;
  • Қолжүкке қатысты арнайы өтінішіңіз барда;
  • Қосымша орын сұрағанда;
  • Барарда балаңыздың билеті сәби деп, қайтарда бала деп рәсімделгенде;
  • Ұмра я қажылыққа бара жатқанда.

Отырғызу талонын шығарып алу керек пе?

Шығарып алу керек деген талап әркезде әрқалай айтылады, әуе компаниясы мен әуежайға қарай кейде керек, кейде керек емес. Кейінгі жылдары отырғызу талонын телефоннан көрсетуге болады деген ереже жиіледі. Бірақ сенімді болғыңыз келсе, мына кеңестерімізге құлақ түріңіз.

  1. 1

    Әуе компаниясының талаптарын оқыңыз. 

  2. 2

    Әуежайдың ережелерін оқыңыз.

  3. 3

    Өз жағдайыңызға қараңыз. Қағаз талон болса, сенімді жүрем десеңіз, шығарып алыңыз.

Рейске онлайн тіркелерде орынды қалай таңдау қажет?

Рейске онлайн тіркелгенде өзіңізге орын таңдай аласыз. Қалай таңдауға болатынын айта кетейік. 

  1. 1

    Онлайн тіркелу жүйесіне кіресіз. Броніңіздің я билетіңізді нөмірі мен тегіңізді жазыңыз.

  2. 2

    Броніңізде жолаушы бірнешеу болса, тіркегіңіз келген адамдарды белгілеңіз.

  3. 3

    Орын таңдаңыз. Сізге ұшақтың сызбасы мен қай орын бос екені көрсетіледі. Басқанда ақысын көресіз. Ақысыз болса, тегін деп жазылып тұрады. 

  4. 4

    Таңдағаныңызды растаңыз, керек болса, қосымша қызмет алыңыз: тамақ, сусын, қосымша багаж.

  5. 5

    Тіркеуді аяқтаңыз.

Онлайн тіркеуден қаншалықты ерте өтсеңіз, соншалықты көп орын бос болады. 

Есіңізде болсын, кейде ұшақтың типі өзгеріп, орныңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін. Мұндайда әуе компаниясы сізге тиімді амал ұсынуға тиіс. 

Жоспарым өзгерсе, онлайн тіркеуді жоя аламын ба?

Иә, көп жағдайда онлайн тіркеуді жоя аласыз. Жою процесі әр жерде әрқалай, әдетте әуе компаниясының сайтына я қолданбасына кіру қажет. 

  1. 1

    Әуе компаниясының сайтын я мобайл қолданбасын ашыңыз. Тіркелгенде жазған деректеріңізді қайтадан теріңіз.

  2. 2

    Бронь басқару деген бөлімді басыңыз. Онда рейсіңізге қатысты ақпарат тұрады.

  3. 3

    Тіркеуді өзгерту я жою дегенді басыңыз. Әдетте «Тіркеуді өзгерту», «Тіркеуді жою» деп жазылады. 

  4. 4

    Тіркеуді жоятыныңызды растаңыз. 

Маңызды тұстар:

  • Тіркеуді ұшар алдында жоюға берілетін уақытқа қатысты шектеу болуы мүмкін. Әр компанияның оған қатысты ережесі бар.
  • Тіркеуді жойғаннан кейін жоспарыңыз тағы өзгеріп, ұшқалы жатсаңыз, қайтадан тіркеліңіз.
  • Тіркеуді жойсаңыз, билетіңіз де жойылады деген сөз емес. Оны қайтару я ауыстыру — бөлек процестер.
  • Багажыңызды тапсырып қойсаңыз, онлайн тіркеуді алып тастау үшін қосымша әрекет орындауыңыз мүмкін. Багажды кері алу үшін әуе компаниясына хабарласыңыз.

Онлайн тіркелудің артықшылықтары

  1. 1

    Уақыт үнемдейсіз. Әуежайға барғанда кезекке тұрмайсыз. 

  2. 2

    Ыңғайлы. Рейске кез келген жерден тіркеле салуға болады. Интернетіңіз, компьютеріңіз бен телефоныңыз болса болды. 

  3. 3

    Орынды өзіңіз таңдайсыз. Ертерек тіркелсеңіз, ұшақтан ыңғайлы әрі тегін орын таңдап қоюға болады.

  4. 4

    Стресс аз болады. Онлайн тіркеліп қойсаңыз, әуежайға бірнеше сағат ертерек барудың керегі жоқ.

  5. 5

    Электрондық талонның арқасында қағаз түрін шығарып алудың керегі жоқ. Жоғалып кетпей ме деп алаңдамайсыз. Бір жағынан экологияға да пайдалы.

  6. 6

    Рейс туралы ақпарат қолыңызда болады. Онлайн тіркелгенде рейсіңіз туралы қандай да бір жаңа ақпаратты (кешігу я уақытылы ұшу) бірден көресіз.

  7. 7

    Тексерістен тез өтесіз, тез мінесіз. Багажсыз жолаушылар бірден тексеріске бара берсе болады. 

  8. 8

    Қосымша қызмет. Тіркелгенде жолаушылар қосымша қызмет ала алады. Мысалы, басымдыққа қарай тез мінгізу, қосымша жүк, арнайы тамақ.

Қандай жағдайда онлайн тіркелу мүмкіндігі болмауы мүмкін?

  1. 1

    Билетіңіз жеңілдік я науқан билеті болғанда әрі әуежайға барып тіркелу керек деген талап бар болғанда;

  2. 2

    Әуе компаниялары белгілі бір рейстерге я бағыттарға онлайн тіркелу мүмкіндігіне шектеу қоюы мүмкін;

  3. 3

    Брондау сайтында я жүйесінде техникалық ақау шықанда;

  4. 4

    Кей халықаралық рейске онлайн тіркелуге рұқсат етілмейді. Мысалы, виза я елден шығуға болады деген рұқсатты тексергенде. 

  5. 5

    Топтық бронь. Топ болып билет алғанда онлайн тіркелуге рұқсат берілмей, жеке-жеке тіркелу керек болуы мүмкін. 

  6. 6

    Көмекке мұқтажы бар жолаушылар арнайы көмек сұрағанда, мысалы, арба, медициналық көмек сұрағанда. Ондайда әуежай басшылығының көмегіне жүгінуі керек.

  7. 7

    Жолаушы — ересексіз бала. Міндетті түрде аяқтай барып тіркелу керек.

  8. 8

    Билетті ұшуға аз уақыт қалғанда алғанда онлайн тіркелуге уақыт қалмауы мүмкін.

  9. 9

    Бронь өзгергенде. Мысалы, рейс ауыстырылғанда я қосымша қызмет қосылғанда онлайн тіркелуге рұқсат берілмеуі мүмкін.

Бұл мақала пайдалы ма?

0

0

,

Сізге қызық болып қалар:

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

Нені багажға, нені қолжүкке салуымыз керек?

Правила авиакомпаний, требования к упаковке и стоимость

Правила авиакомпаний, требования к упаковке и стоимость

А также нестандартный багаж в самолете

А также нестандартный багаж в самолете

Кешігіп қала беретіндерге арналған нұсқаулық

Кешігіп қала беретіндерге арналған нұсқаулық

Правила авиакомпаний и ограничения

Правила авиакомпаний и ограничения

Мысалға сүйене отырып айтып береміз
24.03.2023

Мысалға сүйене отырып айтып береміз

Осы айдардан:

Біріккен араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Біріккен араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Сапарыңызға кепіл болар нәрсе

Сапарыңызға кепіл болар нәрсе

Түрлері, процесс пен берілмей қалуына түрткі болар себептер

Түрлері, процесс пен берілмей қалуына түрткі болар себептер

Виза тақырыбын жалғастырамыз

Виза тақырыбын жалғастырамыз