Жиі ұшқанның қандай зияны бар?
Қауіп-қатері мен радиция туралы әңгіме
Кез келген қашыққа ұшу — организмге үлкен салмақ. Сондықтан көп ұшқанның денсаулығымызға қандай әсері (зияны) барын айтып берейік. Бұл мақала үнемі саяхаттап жүретіндерге арналған. Мысалы, ұшақ экипажы, дипломаттар мен жұмыс бабымен көп ұшатындарға.
Денсаулыққа қандай зиян тиюі мүмкін?
Жолаушылар ұшағы әдетте жерден 10 шақырым биік ұшады. Ондай биіктікте оттегінің ауадағы мөлшері азаяды. Сөйтіп жүрек, қан тамырлары, өкпе мен теріге деген салмақ ұлғая түседі. Сондықтан жүрегі ауыратындар, қан тамырлары ауруы барлар, тромбофлебиті барлар, өкпесі ауыратындар (бронхит, астма) абайлап ұшқаны жөн.
Одан бөлек, әр жолаушы күн мен ғарыш радиациясына ұшырайды, себебі ұшақ атмосферадан биік ұшады. Сондықтан ұшақ қаншалықты биік ұшса, жолаушылардың радиацияға ұшырауы ықтималдығы соншалықты артады.
Радиацияға бір рет ұшыранға адамға ештеңе болмайды. Бірақ зерттеушілердің сөзіне сенсек, радиация дозасы адам ағзасында жинала береді. Сөйтіп жиі ұшатын жолаушылар, мысалы, жұмыс бабымен көп ұшатын кәсіпкерлер аз уақытта алатын радиация дозасы көкіректі 20 рет рентгенге я ауыз қуысын 100 рет түсіргенмен бірдей.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, рентген мен гамма сәулелері жолаушылардың ағзасына көп әсер етпейді, бірақ ғарыш сәулелеріндегі нейтрондар радиация дозасын қатты көбейтеді.
Ол доза қауіпті ме?
Халықаралық радиациядан қорғау комиссиясы жыл сайынғы доза 1000 микрозиверттен аспағаны жөн дейді. Айына тек екі рет ұшсаңыз, радиация қауіпті емес.
Көп ұша бергеннен денсаулыққа қандай зиян тиюі мүмкін?
Біз бұрын жетлаг не екенін, денсаулыққа қалай әсер ететінін, қалай күресуге болатынын жазғанбыз. Оқи отырыңыз.
Уақыт белдемі ауысқанда гендердің жұмысын бұзады, ал ол қартаю мен иммун жүйесіне әсер етеді. Бұл фактор ғарыш радиациясына қарағанда әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін: ұйқының бұзылуы организмімізді тығырыққа тірейді. Сөйтіп инфаркт, инсульт пен репродуктив жүйесі ауруларына ұшырау ықтималдығы артады, есте сақтау қабілеті нашарлайды.
Тағы неден абай болу керек?
Қан тамырлары тромбозынан. Ұзақ рейстерде тромбозға ұшырау қаупі төрт есе артады. Сондықтан жылына оннан аса ұшудың қажеті жоқ. Алдын алу үшін жеткілікті су ішіп, ұшқанда аяққа арналған гимнастика жасаңыз.
3
4