Кинотуризм деген не

Кинотуризм деген не
Анықтама 7 мин оқисыз
11.07.2023

Кинотуризм деген не

және оны қандай елдер қолдап отыр?

Материал жаңартылған күн: 16.11.2023

Кинотуризм деген не екенін және оны қандай елдер қолдап отырғанын айтып берейік.

Кинотуризм деген не?

Кинотуризм — туризмнің бір түрі. Кинотуристің кәдімгі туристен айырмасы — кинотурист сериал мен фильмдерде көрсетілген жерлерге барады. Кинотуризм  ағылшынша set-jetting, film tourism және film induced tourism деп аталады. Терминнің авторы — Гретхен Келли деген журналист. 

Қарапайым тілмен айтсақ, туристер сүйікті сериалдары мен фильмдері түсірілген жерлерге барады. Кейбір фанат сериалдағы я фильмдегі кадрды дәл қайталау үшін түсірілім өткен жерлерге барып, суретке түсіреді.

Термин шыққалы бері көп уақыт өтпесе де, кинотуризммен айналысатын блогерлер жетерлік. Мысалы, Тия Охмат пен Сату Уолден жүргізетін Fangirl Quest, Андреа Давид жүргізетін filmtourismus

Кинотуризм елдердің экономикасы мен танымалдығына қалай әсер етіп жатыр?

Tourism Competitive Intelligence зерттеу жүргізіп, 40 миллион турист танымал фильмдердегі жерлерге қыдырып баратынын анықтаған. Оның 10 пайызы түсірілім өткен жерлерге мақсат қойып барған.

Қазір мына бес ел кинотуризмнің арқасында қыруар пайда көріп отыр.

Жаңа Зеландия

Жаңа Зеландия — Толкиеннің кітаптарын жақсы көретіндер баратын жер. «Сақиналар әміршісі» трилогиясын түсіру үшін Солтүстік және Оңтүстік аралдарындағы 150 жер қолданылған. Мысалы, Окленд қаласының табиғаты — Шир, Хатт және Уэйо өзендері — Андуин өзені, Сандей тауы — Роханның астанасы мен Теоден патшаның қамалы, ал Кеплер Майр — Өлі батпақ.

Одан бөлек, Жаңа Зеландияда Том Круз түскен «Соңғы самурай» фильмінің көп бөлігі, «Нарния шежіресінің» бірінші бөлімі, «Ауатар» мен «Терабитияға апарар көпір» фильмдері түсірілген.

Ұлыбритания

Ұлыбританияда қандай фильмдер түсірілгенін санамай-ақ қояйық. Тым ұзақ болып кетеді. Онда Авиатаның авторлары жақсы көретін «Брижет Жонстың күнделігі» фильмі, »V» деген Вендетта, «Тасқын», «Шерлок Холмс» пен бәріміз сүйіп көрген Хәрри Поттер фильмдері түсірілген.

Мысалы, Хогуартс сахналары Бристольдағы Глостер сарайында түсірілген, ал Лондондағы Кингс-Кросс вокзал ретінде, Аустралия үйі «Гринготтс», Лиденхолл базары Қиғаш көше ретінде қолданылған.

Хорватия

Хорватия елі — «Таққа талас» сериалының арқасында пайда көріп отырған ел. Уестеростың алуан түрлі табиғаты елдің әр жерінде түсірілген. Дубровник — Патша айлағы, Қызыл қамал мен Өлместер мұнарасы, Трстено — Қызыл қамалдың бақшасы, Каштел — Браавос айлағы.

Хорватияда «Жұлдыздар шайқасы: соңғы жедайлар», «Одиссея» мен «Мамма Мия! 2» фильмдері де түсірілген.

Оңтүстік Корея

Оңтүстік Корея — технологиясы мен мәдениетіне, мысалы, музыкасы, дорамалары, өз фильмдері мен Холивуд фильмдерінің арқасында атақты болған ел. Мысалы, «Кек алушылар: Альтрон дәуірі», «Стартрек: Шексіздік», «Окча», «Қара қабылан», кәрістер түсірген «Паразиттер».

Корея дамыған кинотуризмі үшін кәріс сериалдарына рақмет айтуы керек. Елге баратын туристердің көбі сериалда көрген жерлерін өз көзімен көру үшін, сүйікті кейіпкерлері жеген тамақты жеу үшін барады. Мысалы, 2003 жылы «Ұлы Чан Гым» сериалы шыққаннан кейін Шежу аралына баратындар көбейді. Кейін сериалдардың арқасында басқа да қалалар танымал бола бастады. Мәселен, Тэбэкте «Күн ұрпағы» сериалына арналып тематикалық парк салынды. Дорамалардың көбі Сеуілде түсірілгендіктен бұл қалаға турист көп барады, кейіпкерлер жүрген көшеге барып қыдырады. Тарихи дорамаларды жақсы көретіндер Кёнбоккун сарайынан шықпайды.

Тайланд

Тайландта Леонарда ди Каприо түскен фильм түсірілген. Нақтырақ айтсақ, Баңгок пен Пхи-Пхи аралында. Фильмде бұл арал жұмақ аралы деп аталады. Қазір Пхи-Пхи аралына турист көп барады. 

Тайланд «Бондиана: Алтын тапаншалы адам», «Рэмбо», «Мортал Комбат», «Александр», «Жұлдыздар шайқасы. III эпизод: Ситхтердің кегі» фильмдеріне локация болды.

Кинотуризмнің жиһанкездерге пайдасы

Әрине, кинотуризм әуелі мемлекетке пайдалы. Кино фанаттарының «қажылығының» арқасында ел мен қала қазынасы пайда көреді. Мысалы, Тайландта фильм түсірілімдері жыл сайын жергілікті қазынаға 1 миллиард бат (12,6 миллион теңге) құяды, ал «Сақиналар әміршісі» трилогиясының фанаттарынан Жаңа Зеландия 41 миллион доллар ақша тапқан.

Жанкүйерлер де бұл туризмнен пайда көріп отыр, себебі соның арқасында сүйікті кейіпкерлері мен режиссерларына жақындай түседі. Мысалы, Нью-Йоркте «Секс және қала» сериалындағы Кэрри Брэдшоу тұрған пәтерді жалға алуға болады, ал Лос-Анджелесте Барби үйі жалға беріледі.

Кинотуризмнің зияны

Кинотуризмнің пайдасы ғана емес, зияны тиюі мүмкін. Мысалы, одан жергілікті халық пен табиғат зардап шегуі мүмкін. Себебі адам көп жиылған жерде қоқыс та көп болады, табиғат зиян көреді. 

Кейде бір фильмнің кесірінен бір елдің беделі түсуі мүмкін. Мысалы, Борат фильмінің кесірінен шетелдіктер Қазақстанды бір кедей, лас, сауатсыз көреді.

Түйінді

Кинотуризм — сүйікті ойлап табылған ғаламға жақын бола түсу мүмкіндігі. Фильмнен я сериалдан көрген көшелерге барып қыдырудың өзі — бір ләззат. Бастысы — айналаңызды құрметтеңіз, қоқыс тастамаңыз, табиғатқа қиянат қылмаңыз, шуламаңыз.

1

0

,

Сізге қызық болып қалар:

Соборы, старинные замки и сказочные долины

Соборы, старинные замки и сказочные долины

Осы айдардан:

Біріккен араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Біріккен араб әмірліктеріне баратындарға айтарымыз бар

Сапарыңызға кепіл болар нәрсе

Сапарыңызға кепіл болар нәрсе

Уақыт үнемдеп, планетамызды қорғаймыз

Уақыт үнемдеп, планетамызды қорғаймыз

Түрлері, процесс пен берілмей қалуына түрткі болар себептер

Түрлері, процесс пен берілмей қалуына түрткі болар себептер