Грин карта дегеніміз не және оны қалай алуға болады?
Америкада тұру ыхтиярхатын алу
Америкада тұру — көп адамның арманы. Ол жақта үйлі, көлікті, қалталы болу көптеген елдің азаматтарының тілегіне айналды. Бірақ Америкада заңға сай тұру үшін рұқсат алу керек. Дәл осындай жағдайда Green card деген ұтыс ойын көмектеседі. Қазір оның не екенін және қалай ұтып алуға болатынын айтып береміз.
Грин карта лотереясы (Diversity Visa Lottery) — АҚШ тұру ыхтиярхатын алу мүмкіндігі. Әдетте жыл сайын күзде өткізіледі: қазаннан қарашаға дейін.
Грин карта деген не?
Грин карта (Green card) — АҚШ азаматтығы жоқтарға штаттарда тұруға рұқсат беретін құжат. Карта он жылға беріледі. Бесінші жылы грин карта иесі АҚШ азаматы болуға өтінім тапсыра алады я картасын жаңарта алады.
Грин картаның артықшылықтары
Грин картасы барлар Америкада жылжымайтын мүлік, несие, университтерден жеңілдік ала алады, тіпті жәрдемақы алуға өтінім бере алады. Бірақ сайлауда дауыс бере алмайды әрі билік органдарына жұмысқа тұра алмайды.
Грин карта алудың жолдары
Грин картаны тек ұтыс ойынға қатысып алуға болады. Алайда тұру ыхтиярхатын басқа амалмен де алуға болады:
1
Америка азаматтығы бар отбасыңызға қауышу. Отбасы деген — үйленбеген/күйеуге шықпаған жақын туыстарыңыз, 21-ге толмаған балаларыңыз, ата-анаңыз, 21-ден асқан бауырларыңыз.
2
АҚШ азаматымен некелесу;
3
Елдің экономикасына инвестиция құю және жұмысқа тұру. Жұмысқа кіру үшін H-1B визасын алу керек. Жылына мұндай виза 65 мың адамға беріледі.
4
Діни, нәсілдік, саяси себептерге байланысты саяси пана сұрау;
5
Diversity Visa Lottery лотереясына қатысу.
Diversity Visa Lottery лотереясын АҚШ мемлекеттік департаменті өткізеді. Мақсаты — елдің популяциясын барынша сан алуан қылу, әртүрлі жерден шыққандарға азаматтық беру. Лотерея 1995 жылдан бері өткізіліп келеді.
Лотерея өтетін уақыт — қазан мен қараша арасы. Мысалы, 2022 жылы ұтыс ойын 5 қазанда басталып, 8 қарашада аяқталды.
Грин карта ұтып алу ықтималдығы қаншалықты көп?
АҚШ үкіметі жыл сайын 55 мың грин карта береді. Ал оған өтінім өткізетіндердің саны — бірнеше миллион. 2021 жылы лотереяға 11,8 миллион адам қатысқан.
Интернеттегі ақпаратқа сенсек, 500-700 Қазақстан азаматы грин карта алады.
Ұтып алғандарды компьютердің көмегімен анықтайды. Бәрінің мүмкіндігі бірдей, сондықтан үміткерлерді анкетасы дұрыс толтырылып-толтырылмағанына қарай таңдайды.
Кейбірі компьютер мыналарға басымдық береді дейді:
- Барынша жас кісілерге;
- Орта білімі барларға;
- Айналасына қауіпті ауруы жоқтарға;
- Заңға қарсы шықпағандарға.
Виза анкета дұрыс толтырылмаса және ақпараты жеткіліксіз болса ғана берілмей қалады.
Green Card лотереясына қатысу қанша тұрады?
Құжаттарды өзіңіз тапсырсаңыз, бағдарламаға қатысу тегін.
Ұтыс ойынға қатысу үшін не істеу керек?
Әуелі dvprogram.state.gov сайтына кіріп, анкета толтыруыңыз керек. Оған уақыт беріледі. Ал сіз оны сол уақытта толтырып үлгеруіңіз керек. Анкетаны толтыру оңай: өзіңіз туралы мәліметті, паспортыңыздың деректері мен 600*600 шаршы фотоңызды енгізесіз. Бәрін ағылшынша толтырасыз. Өтінімді жыл сайын тапсыруға болады. Неше рет тапсыратыныңызға шектеу қойылмаған.
Өтінімді қазан мен қараша аралығында өткізу керек. Шамаңыз келсе, портал ашылған бойда тапсырыңыз. Себебі мерзімнің аяғында портал көтере алмай өтінім қабылдамай қалуы мүмкін.
Бәрін нұсқаулыққа сай толтырыңыз. Бір қателессеңіз я бірнеше өтініміңіз жіберсеңіз, қабылданбай қаласыз.
Анкета толтыру туралы толық ақпаратты мына жерден таба аласыз. Ресми видео нұсқаулық мына жерде тұр.
Грин карта ұтыс ойынына кімдер қатыса алады?
Оның бірнеше ережесі бар. Біріншісі — азаматтары лотереяға қатыса алатын елде дүниеге келу. Қатыспайтын елде тусаңыз, мына жағдайдалдар өтінім бере аласыз: 1) жұбайыңыз қатысушы елде дүниеге келсе (бірақ өтінімді екеуіңіз бірге беруіңіз керек әрі АҚШ-қа бірге барасыз); 2) ата-анаңыз сіз туғанда ол елдің азаматы болмаған немесе ол елде тұрақты тұрмаған.
Екінші шарты — орта білімді болу. Орта білім дегендері — 12 жыл бастауыш және орта білім орындарын тәмамдау немесе (кейінгі бес жылда) тек екі жыл оқуды талап ететін салада екі жыл жұмыс істеу. Мамандығыңыз бұл тізімге кіріп-кірмейтінін деректер базасынан тапсаңыз болады.
Ұтыс ойынның нәтижесін қайдан білуге болады?
Өтініміңіздің статусы мен грин карта алып-алмағаныңызды Electronic Diversity Visa (E-DV) сайтынан біле аласыз. АҚШ мемлекеттік департаменті поштаңызға хат жолдамайды және ұтып алғандардың тізімін жарияламайды. Нәтижесі әдетте мамырда шығады.
Грин карта алғаннан кейін не істеуім керек?
Грин карта алғаннан кейін елшілікке барып, құжат тапсырасыз, консулдық алымын төлеп, сұхбаттасудан өтесіз.
АҚШ-та тұрғанда АҚШ-тың да, штаттың да заңдарына бағынуыңыз керек: кірісіңіз туралы декларация тапсырасыз, салық төлейсіз, басқа жерге көшсеңіз, көші-қон қызметіне хабарлайсыз. Шетелге 1 жылдан аса уақытқа кетіп бара жатсаңыз, қайта кіруге рұқсат алу үшін өтінім беруіңіз керек.
Грин карта иесі жылына кемі алты ай бойы АҚШ-тан шықпауы керек.
2
0