Өлілер күні: Мексикада 1 қарашада өтетін фестиваль туралы не білесіз?
Әлемдегі ең ерекше мейрам!
Өлілер я әруақтар күні (Día de los Muertos) — дүниежүзіндегі ең ерекше мейрамдардың бірі. Сол үшін Мексикаға жыл сайын миллиондаған турист барады. «Коко» мультфильмінде көрсетілген мейрам — осы. Өлілер күні Мексикада қалай тойланатынын, қандай жоралғы жасалатынын әрі туристер қалай қатыса алатынын айтып береміз.
Өлілер мейрамы қайда қашан өтеді?
Әруақтар жыл сайын 31 қазаннан 2 қарашаға дейін өтеді. Басты іс-шара 1-2 қарашада болады. Бұл мейрам — жергілікті халықтың әдеп-ғұрпы мен католик ырымдарының қосындысы.
Өлілер күні бірнеше күнге созылады:
- 31 қазан — мейрамға дайындық басталады, үйлер мен бейіттер безендіріледі.
- 1 қараша — Киелілер күні (Día de Todos los Santos). Ол күні мексикалықтар қайтқан балаларды еске алады. Кейде Día de los Angelitos (Кішкентай періштелер күні) деп аталады.
- 2 қараша — Әруақтар күні (Día de los Fieles Difuntos). Бұл күні қайтқан туыстарды еске алады.
Өлілер күні Мексиканың барлық жерінде тойланады. Бірақ кейбірі ерекше әрі дүркіретіп тойлайды.
Өлілер күніне арналған ең әдемі әрі ірі шеру Мексиканың астанасы Мехикода өтеді. Қаланың көшелеріне үлкен алтар, гүл мен қаңқа қойылады. Ал халық катрина мен қаңқа киімдерін киіп шығады. Орталық парад Пасео де ла Реформа көшесімен өтеді. Оған мыңдаған адам жиналады.
Оахака да бұл күнді дүркіретіп атап өткізеді: үлкен карнавал, көше фестивальдары мен көркем инсталляциялары өтеді. Жұрт дәстүрге сай жасалатын тамақтарын пісіріп, алтарларын безендіреді.
Мичоакан штатындағы Пацкуаро да Өлілер күнін барынша керемет өткізеді. Соның арқасында бұл күні туристерге толы болады. Пацкуаро көлі мен Ханитцио аралында салт-жоралғылар мен түнгі кезек (түнімен ұйықтамайды) өтеді.
Юкатана астанасында да бұл той шулы өтеді. Парад, мәдени іс-шаралар мен өлім мен тірілуге қатысты көрмелер болады.
Әртүрлі дерекке сенсек, кейінгі жылдары Мексикаға Өлілер күні үшін баратындардың қатары айтарлықтай артқан. Мысалы, 2019 жылғы қазанның аяғы мен қарашаның басында 7,5 миллион турист барған (дереккөз: Мексиканың туризм министрлігі).
Мехикодағы шеруге 1 миллион турист ұшып барған. Бұл мейрам елдің экономикасына жақсы әсер етеді. 2019 жылы туризмнен түскен табыс 2 миллиард доллардан асқан.
Катрины
Мейрамның тарихы
Мексикада Өлілер күні испандарға дейінгі заманнан бері бар. Ацтек, Мая мен Пьюребеча халықтары әруақтарға табыну үшін түрлі рәсім өткізетін болған.
XVI ғасырда испан отаршылдығына дейін Мексикада әруақтарды ұлықтау дәстүрі танымал еді. Мысалы, ацтектерде Миктлансиуатыл (Өлім ханымы) анаға табынатын мейрам болған: оның атына құрбан шалып, билейтін болған.
Испандар Американы жаулап алып, христиан дінін тарата бастағаннан кейін жергілікті салт-жоралғы католицизмнің кесірінен өзгере бастады. Испандардың Әулиелер күні (1 қараша) мен Әруақтар күні (2 қараша) Өлілер күнімен араласып кетті. Екі мәдениет тоғысқаны жаңа дін мен көне дәстүр үйлесіп, жаңа бір нәрсе туғанына себеп болды.
Мексика революциясы (1910-1920) кезінде Мексиканың ежелгі мейрамдары мен әдет-ғұрпы қайта жандана бастады. Олардың Өлілер күні де бар. Мемлекет оны ұлттық мәдениеттің үлкен бір бөлігі деп жандануына көмектескені бұл күнді танымал ете түсті. Испандарға дейінгі заманнан қалған алтар мен тарту жаңа мәдени болмыстың бір бөлшегіне айналды.
Мерекенің басты символы — қайтқандарға қойылатын алтар (ofrenda). Үйге я бейіттің басына қойылады. Үстіне қайтқандардың суреті, шам, гүл, қант бас сүйегі мен қайтқан адамның сүйікті тағамдары қойылады.
Тағы бір басты элемент — безендірілген бас сүйегі мен қаңқа. Оны адамдар костюм я маска сияқты киіп/тағып алады. Бұл катриналар өлім өмірдің бір бөлігі екенін әрі оған қуана, күліп қарау керек дегенді білдіреді.
Dia de los Muertos тойлау дәстүрі мен жоралғысы
Өлілер күні қайғырып өткізетін күн емес, керісінше, қайтқандарды қуана еске алатын, дүниеге келгеніне қуанатын күн.
Бұл мерекенің басты символына — алтарға мексикалықтар түрлі діни заттар қояды.
- Қайтқан адамдардың суреті: көз жұмған туысқандар мен достардың суретін қояды.
- Гүл: көбіне қызғылт сары қырмызыгүл қояды. Олардың сеніміне сенсек, бұл гүл адамның өмірі қысқа болғанын білдіреді.
- Шам: өлгендердің тірілер әлеміне қайтар жолына бағдар береді.
- Тамақ пен сусын: алтарға қайтқандардың сүйікті тамақтары мен сусындары қойылады. Мысалы, тамале (ет пен жүгері жапырағынан жасалған тамақ), pan de muerto (өлілердің наны) мен текила.
- Papel picado (кесілген қағаз): ауа мен желді білдіретін кесілген безендіру қағазы.
- Қанттан жасалған бас сүйегі: оған қайтқан адамның аты жазылады.
Мексикада 1 қарашадан 2 қарашаға қараған түні отбасылар қайтқан жақынының бейітіне барып, гүл шоқтары мен шамдар қояды. Тамақ пен сусын апарып, бейттің басында отырып әңгіме-дүкен құрады, қайтқанды есіне алады.
Мехико мен Оахака сияқты ірі қалаларда шеру мен карнавалдар өтеді. Адамдар қаңқа суреті салынған киімдер киіп, бетіне бас сүйектің суретін салып алады, билейді, шеруге қатысады. Бұл іс-шаралар мыңдаған турист пен көрерменге толы болады.
Музыка — Өлілер күнінің ажырамас бір бөлігі. Мариачи деп аталатын мексикалық музыкашылар көңілді ән шырқайды, ал жұрт фанданго мен сальса билейді. Өлім мен о дүниеге арналған әндерді мексикалықтар қуана айтады. Жаңа айтқанымыздай, оларға өлім — өмірдің аяғы емес, жалғасы.
Қайтқандарды еске алу — Мексиканың көптеген суретшісі мен жазушысына шабыт беретін күн. Түрлі сурет салынады, мүсін жасалады, көптеген туынды жазылып шығады. Олардың ең танымалы — Хосе Гуадалупе Посаданың суреттері. Оның туындалары мерекенің бір белгісіне айналды.
Мексикаға билет алу
Мексикаға бару үшін Қазақстан азаматтары виза алуға тиіс.
Мексикаға Қазақстаннан тура ұшатын рейс болмағандықтан Еуропа я Америка қаласында ұшақ ауыстыруға тура келеді. Мысалы, Франкфурт, Париж, Амстердам, Ыстамбұл я Нью-Йорк.
Мынандай рейстер бар:
- Алматы — Франкфурт — Мехико (Lufthansa).
- Астана — Ыстамбұл — Мехико (Turkish Airlines).
- Алматы — Париж — Мехико (Air France).
0
0