Лоукостер деген не?
Арзан билет аларда нені ескеруіңіз керек
Лоукостер — билет аларда біраз ақша үнемдеуге мүмкіндік беретін компания. Ондай компания бір елдің ішінде ұшатын ғана емес, халықаралық рейстері бар компания да болуы мүмкін. Лоукостер деген не екенін, олардың билеті неге арзан тұратынын және Қазақстаннан қандай лоукостермен ұшуға болатынын айтып берейік.
Лоукостер деген не?
Лоукостер — ұшақ билеттері арзан компания. Термин ағылшын тілінен енген: low cost — «төмен баға». Ең алғашқы лоукостерлер АҚШ (Southwest Airways) пен Ирландияда (Ryanair) ашылды.
Бұлар басында билеттерін 1 еуроға сатып жүрді, қазір олардың құны 10-15 еуродан басталады.
Билет құнына әдетте ұшу мен қолжүк кіреді. Қалған қызметтерді қосымша ақыға алуға болады. Әр лоукостердің өз ережелері мен шарттары болады, сондықтан билет алар алдында оларды нақтылап біліп алыңыз.
Билеттер неге соншалықты арзан?
Лоукостерлердің билет құнын түсіргендегі себебі — билет алған жолаушы тек ұша алады. Қалған қызметтер (багаж, тамақ, тағы басқасы) билеттің құнына кірмейді. Алғыңыз келсе, қосымша ақы төлейсіз.
Лоукостердің кәдімгі әуе компанияларынан қандай айырмашылығы бар?
Қонатын әуежай
Билет бағасы тариф, сервис алымы мен әуежай алымына қарай белгіленеді. Лоукостерлер билет құнын әуежай алымдарын азайта отырып төмендетеді.
Әуежай алымын қалай төмендету үшін лоукостер қаланың басты әуежайына емес, екінші әуежайына (бар болса) барып қонады. Мысалы, FlyArystan Ыстамбұлда Сәбиха Гөкчен әуежайына, ал Wizz Air Польшада Катовице әуежайына барып қонады.
Билеттердің арзан болғаны тағы бір себеп — лоукостерлер әуежайлардың инфрақұрылымын пайдаланбайды. Мысалы, кей әуе компаниясының жолаушылары ұшаққа жаяу барады.
Тағы бір фактор — олардың ұшағы тұрақта ұзақ тұрмайды. Қонып, багаж берілген бойда ұшақ бірден келесі рейске дайындалады. Сондықтан да лоукостерлер қатты алысқа ұшпайды, әрі кетсе төрт сағат ұшады.
Кей әуе компаниясы қызметкерлерін азайтып, әуежайдағы тіркелу қызметін ақылы қылып жатады. Сондықтан кейде онлайн тіркелген тиімдірек болады.
Ақылы багаж бен қолжүк
Әдетте лоукостер билеттерінің бағасына багаж құны қосылмайды. Стандарт билет алғандар тек қолжүк ала алады. Мысалы, рюкзак немесе багаж, өлшемі әуе компаниясының стандарттарына сай келсе болды.
Бөлек багаж сатып алуға болады, бірақ ол көбіне қымбатқа шығады. Сондықтан багажды онлайн алыңыз, сонда біраз үнемдейсіз.
Борт ішінде тамақтану
Лоукостерлер жолаушыларына тегін ас бермейді. Кейде тек су береді.
Тамақ ішкіңіз келсе, әуе компаниясының сайтынан ертерек немесе ұшқанда тапсырыс бересіз. Онлайн сатып алсаңыз, ақысы азырақ болады.
Өз тамағыңызды апарсаңыз да болады. Мысалы, қақталған жеміс, печенье немесе сендуич.
Орын таңдау
Лоукост әуе компанияларында тегін орындар қалай болса солай беріледі: топ болып ұшсаңыз да, сіздерді ұшақтың екі шетіне отырғызуы мүмкін.
Орын таңдаймын десеңіз, қосымша ақы төлеуіңіз керек.
Ұшақтар
Кей адам лоукостерлердің ұшақтары ескі болады деп ойлайды. Бірақ олай емес. Олардың көбі — судай жаңа модельдер. Себебі бір ұшақты ұзақ пайдаланса, оларды жөндеуге, күтіп ұстауға қомақты қаражат жұмсайды. Сондықтан олар ұшақтарын 5-6 жыл сайын ауыстырып тұрады.
Лоукост компаниялар тек тар фюзеляжды әрі көп отын жемейтін ұшақтармен ұшады. Ондай борттарда орын көп, бірақ арасы тар болады. Бизнес-класс деген болмайды.
Тағы бір-екі айырмашылығы
1
Лоукост әуе компанияларының билеттері әдетте қайтарылмайды. Кері берер я ауыстырар болсаңыз, ақысын төлеуіңіз керек. Авиатада қайтару кепілдігін алып, кез келген билеттің құнының 90 пайызын қайтарып алуға болады.
2
Лоукостер ұшақтарында экран мен ойын-сауыққа арналған жарақтар болмайды. Мониторы болса да, құлаққап алу үшін ақы төлеуіңіз мүмкін. Мысалы, flydubai-да сөйтесіз.
Лоукостерлер тізімі
Лоукостерлер ұшып жүрген құрлықтар | Лоукостерлердің әліпбиге сай аттары |
Аустралия | Air Asia, Jetstar Airways, Scoot Airlines, Virgin Australia, Qantas Airways. |
Азия | Air Arabia, Air Asia, Air India, Cebu Pacific, Citi Link, Cathay Dragon, flydubai, Flypeach, Go Air, HK Express, IndiGo, Jazeera Air, Jetstar Airways, Jin Air, Lanmei Airlines, Lion Air, Nok Air, Orient Thai, Pal Express, Scoot Airlines, Spring Airlines, Tiger Air, Thai Smile, Vanilla Air, Viet Jet. |
Америка | Alaska Air, Avianca, Azul Brazilian Airlines, EasyFly, Flair Airlines, Island Air, JetBlue, Porter Airlines, Swoop, Viva Aerobus, WestJet. |
Африка | Air Cairo, Arik Air, Fastjet, FlySafair, Fly540, Kulula, JamboJet, Mango, Precision Ai. |
Еуропа | Air Moldova, airBaltic, Blu-Express,Blue Air, EasyJet, Flybe, Germania,GermanWings, Pegasus Airlines, Norwegian Air Shuttle, Ryanair, SkyUp, SmartWings, Transavia, Volotea, Vueling, Wizz Air, WOW Air. |
Қазақстаннан қандай лоукостерлер ұшады
Қазақстан азаматтары елдің ішінде және шетелге Air Arabia, FlyArystan, flydubai, Pegasus Airlines және WizzAir ұшақтарымен ұша алады.
Air Arabia Алматыдан Шаржаға тура ұшады, ары қарай әлемнің кез келген жерге ұшып бара аласыз.
FlyArystan Қазақстанда да, шетелге де ұшатын компания. Мысалы, бізден Әзербайжанға, Арменияға, Грузия, Қырғызстан мен Түркияға бара аласыз.
flydubai-мен Дубаға баруға болады. Ал Pegasus Анкараға барады, ары қарай кез келген жерге апарады.
Wizz Air ұшақтарымен Венгрия мен Әбу-Дәбиге тікелей ұшуға болады.
4
2