Ұшақтағы ең жақсы орынды қалай таңдаған жөн?

Ұшақтағы ең жақсы орынды қалай таңдаған жөн?
Кеңес 6 мин оқисыз
24.03.2023

Ұшақтағы ең жақсы орынды қалай таңдаған жөн?

Мысалға сүйене отырып айтып береміз

Шынымызды айтайық: бәріміз саяхат еткенді, ел-жер аралағанды жақсы көреміз. Десе де, ұшаққа мінгенді жақтырмаймыз. Ыңғайсыз орында отырып, алты сағат ұшқаннан кім ләззат алады дейсіз? Ұшақтан дұрыс орын алып қойсаңыз, сол уақытты біраз да болсын қызық өткізесіз деген сөз. Сондықтан қандай орын таңдау керегін осы мақалада айтып берейік.

Ұшақ сызбасы

Ұшақтағы ең жақсы орынды қалай алып қоюға болады?

Есіңізде болсын, ұшақтардың сызбалары мүлдем өзгеше болуы мүмкін.

Boeing ұшақтары

Бұл компанияның 38 моделі бар, ең танымалы — 737. 38 ұшаққа ортақ сызба жоқ. Сондықтан 168 орынды ұшақ туралы айтып берейік. Оның салонында екі класс болады. Алдағы бес қатар — бизнес-класс, ары қарай эконом кетеді. Ұшақ алты қатарға бөлінген, A және F орындары терезенің қасында болады, C және D орындары адам өтетін жерде орналасқан. Осы жерде артқы орындарда отырмаңыз деп кеңес береміз, себебі артта екі дәретхана орналақсан, оған бүкіл бизнес-класс барады. Ең ыңғайлы жерлер алтыншы қатарда, себебі аяқ созып отыруға болады, ешкім орнының арқалығын артқа итермейді, 15-қатарда да отырған жақсы, себебі апат есігі бар. 

Терезенің қасына отырып, суретке түсіремін десеңіз, 13-17 қатардан орын таңдамағаныңыз жөн. Себебі ұшақтың қанаттары дәл сол жерде тұрады.

Boeing 777 ұшақтарында жағдай басқа. Мысалы, 777 300ER моделінің эконом-класында 34 қатар болады: 17-ден 51-ге дейін. Алдыңғы он қатар — бизнес-класс, ал 10-16-қатарлар — комфорт-класс. Бұл модель үш салонды. Алдағы орынның арқалығы өзіңізге қарай итерілмейтін жерге барып отырған жөн. Бұлар — 17, 24 және 39-қатарлардағы орындар. Бірақ ескере жүріңіз, 24-қатардың қасында дәретхана, ал 39-қатардың қасында асүй орналасқан.

Екі адам болып ұшсаңыз, терезенің қасындағы орындарға жайғасыңыз. Себебі ол жерде тек екі-ақ орын болады (А,С и Н,К).

Airbus ұшақтары

Airbus ұшақтары да сондай. Ең танымал моделі — А320. А320-20С моделін мысалға алайық. Бұл ұшақ кішкентай. Эконом-класта бар-жоғы 20 қатар, бизнесте 5-ақ қатар бар. 6-қатарда аяқ созып отыратын кеңістік жетеді, сондықтан бойыңыз ұзын болса я ұзақ ұшсаңыз, орынды сол жерден таңдаңыз. Сегізінші және тоғызыншы қатардағы орындар апат есіктерінің кесірінен кішкене ыңғайсыз болуы мүмкін. Терезесінен де қанаттардың кесірінен дұрыс сурет түсіре алмайсыз.

Ең ыңғайлы орындар тоғызыншы қатарда. Орындар алдыңғыларынан алшақ жатыр әрі қасыңызға жануарлары бар жолаушылар мен кәмелетке толмаған балалар отырмайды. Ұшақтың арт жағына отырмаңыз, біріншіден, дәретхана тиіп тұр, екіншіден, орынның арқалығы артқа итерілмейді, үшіншіден, қозғалтқыштың шуы маза бермейді.

Орын таңдарға неге мән беру керек?

Әрине, ұшақтың моделіне қарап орын таңдау қиын, себебі қандай ұшақпен ұшамын деп интернеттен іздеп отыруыңыз керек. Одан да орын қайда тұрғанына, қасында не барына қарап таңдаған дұрыс. Қазір толығырақ айтып берейік. 

Терезенің қасындағы орын

Фотоға түсіремін, тар жерде көп отыра алмаймын я қабырғаға сүйеніп ұйықтаймын десеңіз, терезенің қасынан алыңыз. 

✅ Артық тұстары

  • Терезеден көкке, табиғат пен қалаға қарай аласыз;
  • Кітап, газет оқығыңыз келсе сырттан табиғи жарық түседі;
  • Терезені жауып, сүйеніп ұйықтап алсаңыз болады;
  • Терезенің қасында орын кеңірек болады, клаустрофобтарға жақсы.

❌ Кем тұстары

  • Ұшақ қанаты суретке түсіруге я жай қарауға бөгет болады, кейде терезенің орнына қу қабырға болуы мүмкін, сондықтан ұшақ сызбасын дұрыстап қарап алуыңыз керек;
  • Түнгі рейстерде түк көре алмайсыз;
  • Дәретханаға шығарда көршілеріңізден өткізіп жіберіңіз деп өтініп отыруыңыз керек.

Адам өтетін жердегі орындар

Алысқа ұшып бара жатсаңыз, орынды өтетін жерден алғаныңыз жөн. Уақытты тез өткізу үшін отырып тұрарда және дәретханаға шығарда ыңғайлы.

✅ Артық тұстары

  • Емін-еркін жүре аласыз;
  • Аяғыңызды созып отыра аласыз, бірақ біреу өтіп бара жатса, жинауға тура келеді.

❌ Кем тұстары

  • Көршілеріңізді өткізіп отыруыңыз керек;
  • Ұйықтағанда сүйенер жер болмайды;
  • Суретке түсіре алмайсыз.

Ортадағы орын

Z буыны оны Mid деп атар еді. Одан пайда да, зиян да жоқ.

✅ Артық тұстары

  • Ыңғайлы: терезе көрініп тұрады, орныңыздан тұрамын десеңіз, тек бір адамды мазалайсыз.

❌ Кем тұстары

  • Шынтағыңызды қайда қоямын деп бас қатырасыз.
  • Бір өзіңіз ұшып бара жатсаңыз, екі бейтаныс адамның ортасында отырасыз.

Алдыңғы жақтағы орындар

Алдағы орындар — жолаушыларға ең ыңғайлы орындар. Қызмет әуелі сол орында отырғандарға көрсетіледі, кіргенде орныңызға тез жетесіз, шығарда да тез шығасыз. Бірақ олардың кем тұстары да жетерлік. 

✅ Артық тұстары

  • Баламен бірге ұшсаңыз, арба мен кішігірім бесігін қасындағы бос орынға қоясыз.
  • Қызмет әуелі сіздің қатарға көрсетіледі;
  • Шығарда өзгеден бұрын шығасыз.

❌ Кем тұстары

  • Ондай орындар көбіне ақылы болады;
  • Көршілеріңіз көбіне балалы жолаушылар болуы мүмкін. У-шуды жақтырмасаңыз, басқа бөлімнен таңдаңыз.

Орта жақтағы орындар

Ұшақтың ортасындағы орындар турбулент аймақтарынан қорқатындарға ыңғайлы болады. Себебі турбуленттік ұшақтың орта жағында көп сезілмейді. 

✅ Артық тұстары

  • Тұрған жері ыңғайлы;
  • Көбіне ақысыз болады;
  • Көп селкілдемейді;
  • Апат есіктері жақын орналасқан.

❌ Кем тұстары

  • Терезенден тек ұшақтың қанаттары көрінеді;
  • Қозғалтқыштың дыбысы қатты естіледі;
  • Дәл сол маңда жанар-жағармай бактары орналасқан, апат болғанда әлдеқайда қауіпті болуы мүмкін ол жер.

Артқы жақтағы орындар

Артқы жақтағы орындарға көбіне тіркеуге кешігіп барғандар отырады. Кейде апатқа ұшырасақ, аман қаламын деп сол жерден орын алғандар отырады. Себебі ұшақтың артқы жағы ең қауіпсіз жақ саналады.

✅ Артық тұстары

  • Балалар отырмайды;
  • Қауіпсіз орындар (апатқа ұшыраған жолаушылардың 60 пайызы артта отырғанда аман қалады);
  • Тегін;
  • Жолаушылар орындарын көбіне басқа жақтардан таңдайды, сондықтан қасыңыздағы орын бос қалса, таңғалмаңыз.

❌ Кем тұстары

  • Дәретхана тиіп тұрады және оған тізілген жолаушылардың кезегінен көз ашпайсыз.
  • Ең артта отырғандықтан ас-су біразға дейін берілмейді

Балалылар қайда отырған жөн?

Балалы жолаушылар алдыңғы қатарға отырғаны жақсы. Себебі арба я бесік қасыңызда тұрады. Кеңістік көп болғандықтан баланы орындардың алдында ойната тұруға болады. Бортсерік керек болса, тез шақыра аласыз.

Балаларыңыз ер жетіп қалса, орынды ұшақтың орта жағынан алғаныңыз жөн. Алдыңғы қатарға отырсаңыз, түнде көршілердің сәбилері оятып жіберуі мүмкін.

Саяхатшылардың бірнеше кеңесі

  • Ұшқанда не істемек ойыңыз бар? Орынды осының жауабына қарап таңдаңыз. Мысалы, түнгі рейсте тек ұйықтаймын десеңіз, ешкім мазаламайтын орын таңдаңыз, мәселен, терезенің қасындағы орынға жайғасыңыз. Аяғыңыз ұйып қалады десеңіз, өтетін жерден таңдаңыз. 
  • Лайнердің сызбасына қараңыз. Қандай ұшақпен ұшатыныңыз үнемі интернетте тұрады. Мысалы,  Air Astana компаниясы Boeing 767-300ER, Airbus A320neo, Airbus A321, Airbus A321neo, Airbus A321neo LR және Embraer E190-E2 ұшақтарымен ұшады. Айтпақшы, қандай ұшақтар күшті екенін мына сайттан біле аласыз.
  • Рейске онлайн тіркеліңіз. Жақсы орынға тап боласыз деген ықтимал ертерек тіркелгенде артады.
  • Онлайн тіркелмесеңіз, әуежайға барып тіркелесіз ғой, сонда қандай орын керегін айтыңыз. Жақсы орын алып үлгеру үшін әуежайға ерте барыңыз.
  • Жұрт көп ұшатын мезгілде ұшпаңыз: таңертең, кешке, жұма және жексенбі күндері.
  • Қай орын аларыңызды білмесеңіз, күннің бағытына қарай алыңыз. Мысалы, таңертең  шығыстан батысқа, солтүстіктен оңтүстікке ұшсаңыз, жарық сол жақтан түседі, ал кешке батыстан шығысқа, солтүстіктен оңтүстікке ұшсаңыз, оң жақтан түседі. 
  • Сізге ыңғайсыз орын берілсе, ұшақтың есігі жабылғаннан кейін өзіңізге ыңғайлысын тауып алсаңыз болады.

9

2

,

Осы айдардан:

Қызық жерлерге толы арзан автобус сапары
03.04.2023

Қызық жерлерге толы арзан автобус сапары

Дайындық, жоспарлау мен ең жақсы бағыттар туралы нұсқаулық
21.10.2022

Дайындық, жоспарлау мен ең жақсы бағыттар туралы нұсқаулық

Ақшаңызды неге үнемдеуіңіз керек?
22.09.2022
Апарып тастайтын адамды қайдан іздейміз, неден сақ болуымыз керек, жүргізушімен қалай келісеміз
10.08.2022

Апарып тастайтын адамды қайдан іздейміз, неден сақ болуымыз керек, жүргізушімен қалай келісеміз