Шетелге шыққанға қанша ақша кетеді?

Шетелге шыққанға қанша ақша кетеді?
Кеңес 8 мин оқисыз
22.01.2022

Шетелге шыққанға қанша ақша кетеді?

Нені ескеруіміз керек, ал нені ескермеуіміз керек?

Жаңа елге немесе қалаға барар алдында қанша ақша керек деп дал боласың. Осы сұрағына жауап табу үшін кей адам түрлі форум мен блог оқиды, таныстарынан көмек сұрайды. Тәжірибелі туристер бюджетін көбіне Бигмак индексіне қарап жоспарлайды. Бұл индексті McDonalds компаниясы жасап шығарды. Оған қарап жиған ақшаңыз қанша уақытқа жететінін анықтауға болады. 

Бұл индекс сізге тым абстракт көрінсе, біз көрсеткен сайттарды пайдаланып көріңіз.

Budget Your Trip

Сайт үш түрлі саяхат жоспараланғанда қанша ақша керегін көрсетіп береді: эконом, орташа шығынды және люкс. Жобаның авторлары оны «Саяхат шығындары уикипедиясы» дейді. Сайт бір күнге, аптаға және айға қанша қаражат кететін көрсетеді, бюджетті тамақ, транспорт, баспана және ойын-сауық деп түрлі санатқа бөледі. Әр қала туралы ақпараттың жанында саяхатшылар сол жер туралы кеңес пікірлер көрсетіледі. Мысалы, Мадридте қалай пойыз ауыстырып қыдыруға болатыны туралы немесе Берлиндегі тамақ пен судың сапасы туралы пікірлер. Әр қолданушы сайтқа тіркеліп, саяхатқа шығар алдында шығынын тіркеп отыра алады, оны сапар кезінде де өзгертуге болады. 

Numbeo

Numbeo өзге қалалардың бағасын қалаңыздың бағасымен салыстыруға көмектеседі. Мысалы, онда Алматының бағалары мен Нью-Йорктің бағасын салыстыра аласыз. Салыстырсаңыз, Нью-Йорктегі тұрмыс Алматыдағысынан 221% қымбат екені белгілі болды: баспана, тамақ, кофе, кино. 

Одан бөлек, қай қалаға барарыңызды білмей тұрсаңыз, сайт таңдауға көмектеседі: Милан ба, Рим бе, Нью-Йорк пе, әлде Лос-Анджелес пе.

Expatistan

Сервис қазіргі жалақым бұрынғыдай өмір сүруге жете ме немесе осылай өмір сүру үшін қанша ақша табу керек деген сұрағы бар экспаттарға арналған. Сайтта ТМД қалалары мен өзге елдердің қалаларын салыстыруға болады. Ақпаратты пайдаланушылар жүктейді. 

Сайтты ашқандардың сөзіне сенсек, 385 мың адам 2 478 қала туралы ақпарат салған. Сайттың қызық функциясы: кей елдің, мысалы, Венесуэланың ресми валюта бағамы да, қара нарықтағы бағамы да көрсетілген.

Сонымен сапарға қанша ақша ала бару керек?

Саяхат бюджетін жоспарлағанда билет пен тұратын жер қаншаға шығатынын ертерек біліп алу керек. Барғанда ақшаның басым бөлігі тамақ, ойын-сауық пен транспортқа кетеді. Қанша қолма-қол ақша алатыныңыз баратын елге байланысты болады.  

Қолма-қол ақша демекші толтырып ақша алудың керегі жоқ. 10 мың доллардан басталатын сома декларациялануы керек. Картаға қанша ақша салсаңыз да бәрібір, ол жағы тексерілмейді. Бар ақшаны валютаға ауыстырудың қажеті жоқ. Ақшасыз қалмаймын ба деп қатты алаңдасаңыз, әуежайда ең көп дегенде 200 доллар айырбастап алыңыз. Кейін қажетіңізге қарай айырбастаңыз. 

Тайландқа қанша ақша ала бару керек?

Тайландтың ресми валютасы — тай баты (шамамен 15 теңге). Курсты мына жерде қадағалап отырыңыз

Таңғы асы, сақтандыру мен қонақүйге дейінгі трансфері бар тур алғандар бюджетін былай жоспарлайды: бір күнге 50 доллар дайындайды. Оған қымбат емес тамақ алып, арзан қыдыруға болады. Мысалы, жағажайда жатуға болады. Музейге барғыңыз келсе, базарлық алғыңыз келсе, оған қосымша ақша әзірлеп қойыңыз. 

Тайландта тамақ арзан тұрады. Мысалы, том ямның бағасы 100 баттан басталады. 10 мың батқа екі апта сапалы тамақ пен азық-түлік алуға болады. Бірақ алкоголь мен темекі қымбат тұрады. Сапалы сыра, мысалы, 100 баттан артық тұрады. 

Соңтеомен жүру (үш дөңгелекті автобус) 10 баттан басталад (150 теңгедей). Бағасы қашықтық пен аймаққа қарай түрленеді. Байкпен қатынау күніне 200 батқа шығады, бір айға жалға алсаңыз арзанырақ шығады. Тайландағы ең қауіпсіз транспорт — көлік. Екі аптаға жалға алсаңыз, 10 мың бат бересіз. 

Экурсияны кез келген курортқа барып алуға болады. Пхукетте экскурсия Паттайяға қарағанда қымбат тұрады. Қала экскурсиялары 4 мың баттан басталады. 

Түркияға қанша ақша ала бару керек?

Түркияның валютасы — лира (16 теңгедей). 

Туристер Түркияға көбіне «Бәрі қосылған» турын алып барады: оған ұшақ билеті, трансфер, қонақүйде тұру, тегін тамақтану, тегін балмұздақ, нан өнімдері мен ішімдік кіреді. Қалған ақша экскурсия мен базарлықтарға кетуі мүмкін — шамамен 200 доллар.

Түркияға турсыз барғыңыз келсе, қанша ақша кететіні баратын жерге байланысты болады.

Ол жақтың тамағы қымбат емес, десе де дәмді әрі тойымды. Дәмханалардан тамақтану кемі 30 лираға, ал мейрамханадан ішу кемі 100 лираға шығады.

Ұзақ экскурсияларға, мысалы, Бодрумнан Ақ теңізге баратын экскурсияға 400 лира жұмсауыңыз мүмкін. Орташа алғанда гид ертіп жүретін және трансфері бар экскурсиялар 45-60 доллар тұрады. Кей ежелгі қаланы тегін аралауға болады, мысалы, Сиде қаласын. Көрікті жерлерге кіру бағасы әртүрлі, сондықтан барар алдында ресми сайттардан тексеріп алыңыз. Мәселен, Ыстамбұлда ең атақты жерлер — Айя София мен Көк мешітке тегін кіруге болады.

Балиге қанша ақша ала бару керек? 

Бали Индонезияда орналасқан. Ондағы халық тек индонезия рупиясын алады (1 теңге — 34 рупия). Валюта бағамын мына жерден тексеріңіз. 1 доллар — 15 мың рупия. 

Балиде де ақшаңыз көбіне мыналарға кетеді: баспана, тамақ, транспорт, ойын-сауық пен зат алу. Онда курс құнсыз болғандықтан, мыңдаған, тіпті миллиондаған рупия беруге дайын болыңыз. Мысалы, бір айға орташа ауқымды коттедж жалға алуға 5 миллион рупия (350 доллар) кетеді.  

Балиде баспана жұрт айтқандай арзан емес. Жақсы баспана бір айға кемі 8 миллион рупияға шығады. Кей жерде бұл сомаға үй тазалау мен коммуналдық қызмет те кіреді. 

Ал тамағы өзгелердікімен салыстырсақ арзанырақ. Әсіресе маусым жеміс-жидектері. Бірақ шетелден келетін тауарлар, мысалы, сүт қымбат тұрады. Күніне екі адамның тамақтануына орташа алғанда 20-30 доллар кетеді. 

Балиде қатынау үшін таксиге мініңіз немесе көлік я скутер жалға алыңыз. Онда осыған түрлі қолданба арналған: Uber, BlueBird, Grab Taxi мен Go Jek. Скутер айдаймын десеңіз, күніне кемі 50 мың рупия, айына 400 мың рупия жұмсайсыз. Бір литр бензиннің бағасы 8 мың рупия. 

Балиде барлық дерлік көрікті жерге кіру ақылы: мысалы, күріш текшесіне бару үшін де ақша төлеуіңіз керек. Ақысы — 25 мың рупия. Сөрфиң үйретін курстың үш сағатына 500 мың рупияға шығады. Орташа есептесек, бір адам бір көрікті жерге бару үшін кемі 40 мың рупия беруі қажет.

Грузияға қанша ақша ала бару керек? 

Грузияның валютасы — лари (шамамен 153 теңге). Курсты мына жерден қараңыз. 

Екі адамға баспана бір күнге 80 лари болады. Баспана дегеніміз үш жұлдызды қонақүйлер мен кішкентай, бірақ жайлы пәтерлер. Сұраныс көп кездерде баға да көтеріледі. 

Грузияда да тамақ арзан тұрады: бір лимонад пен хинкали алсаңыз, 15 лари де тойып тамақтануға жетеді. Түбіртектегі орташа баға — 40-50 лари, ал ішімдік ішсеңіз, үстінен 10-20 лари қосасыз. 

Грузияның басты көрікті жерлерінің бәрі дерлік тегін: шіркеу, тау, теңіз бен ормандарына тегін бара бересіз. Бірақ музей, ежелгі қалалар немесе ұлттық парктерге кіру үшін ақша төлеуіңіз қажет. Ақысы — кемінде 20 лари. 

Көлікті бір күнге жалға алып жүрудің құны 100 лариден басталады. Бірнеше күнге жалға алсаңыз, иесі жеңілдік беруі ғажап емес. Тбилиси мен Батумиде қоғамдық көлік жүйесі жақсы дамыған, ал Тбилисиде Яндекс.Такси, Bolt пен Taximaxim сервистері бар.

Италияға қанша ақша ала бару керек?

Италияда еуро қабылданады.

Баспана бағасы баратын жеріңізге байланысты болады. Рим мен Миланда Наполиге қарағанда қымбатырақ тұрады. Орташа есеппен алғанда Римде пәтерге бір түн қонып шығу 150 еуроға, ал Венецияда 200 еуроға шығады. Хостелдер мен пәтер бөлмелері арзанға шығады.

Италияда тамақ Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда арзанырақ болады: бір күнде үш мезгіл тамақтану құны 30 еуродан басталады. Әрине, баға кей жерде жоғары болуы мүмкін. Мысалы, Миланда кешкі асқа 90 еуро кетуі мүмкін.

Онда ойын-сауықтың түр-түрі бар: біреулер шеттегі аймақтарға барады, өзгелері аралдарды аралайды, тағы біреулер музейге, шарап ішуге барады. Музейге кіру шамамен 20 еуродан, шарап турларының бағасы 60 еуродан басталады.

Италияда көлік жалға алмаған жөн: көшелері тар, көрікті жерлеріне жаяу барған оңай. Ал қаладан қалаға бару үшін кәдімгі пойызға я электр пойызға мініңіз. Қала ішінде автобусқа я метроға мініңіз.

Біріккен Араб әмірліктеріне қанша ақша ала бару керек? 

БАӘ-де ақы төлегенде дирхам бересіз (135 теңге), курсты мына жерден қарап отырыңыз. 

Қазақстан азаматтары көбіне төрт әмірлікке барып жүр: Дубай, Әбу-Дәби, Шаржа мен Рас-әл-Хайма. Бірден айтайық: БАӘ-де демалу қымбатқа шығады. Сондықтан тур алып барған жөн. Ол ақыға сіз қонақүйде тұрасыз, сол жерден тамақтанасыз. Тур операторлары әмірліктерге барғысы келетіндерге «Бәрі қосылған» турларын сатпайды, тек таңғы асы бар тур ала аласыз. 

Дубайда өз бетіңізбен баспана жалға аламын десеңіз, кемі 600 дирхам жұмсауға дайын болыңыз. 

Мейрамханадан тамақтану қымбатқа шығады. Кішігірім дәмхадан 50 дирхамға ас ішіп шығуға болады. Стрит фудтың бағасы 5 дирхамнан басталады. 

Онда ішімдік жоқтың қасы, бар болса, өте қымбат тұрады. Ең арзан сыраның бір стақаны 30 дирхамнан басталады (4 мың теңгедей). Экскурсиялар адам басына 40 долларға шығады. Бірақ құны өңірге байланысты, мысалы, Әбу-Дәбиде қымбатырақ тұрады. 

Біріккен Араб әмірліктерінде қоғамдық көлік ондай қатты дамымаған, сондықтан туристер таксимен қатынайды. Жақын жерге бару үшін 15 дирхам төлеу керек.

Мысырға қанша ақша ала бару қажет? 

Мысырдың валютасы — Мысыр фунты (32 теңге). Курсты мына жерден қараңыз. 

Мысырға баратын туристердің көбі — тур алып баратындар. 

Мысырда тамақ арзан тұрады. Дәмханаға барып, ас ішер болсаңыз, адам басына 10 доллар төлейсіз, француз немесе итальян мейрамханасына барсаңыз, адам басына 40 доллар төлейсіз. 

Курорттардың қоғамдық транспорты дұрыс дамымаған, автобусқа тек Каир мен Александрияда мінуге болады. Хургадада автобустар орталық көшелерде жүреді. Туристер көбіне таксимен қатынайды: мінгеніңіз үшін 1 доллар, кейін әр шақырым үшін 0,4 доллар төлейсіз. Каирдан Гиза пирамидасына жету үшін 3 доллардай төлейсіз. 

Мысырда қыдыруға болатын жер көп: шөлдала (25 доллардан басталады), пирамида (30 доллар), дайвиң (40 доллар). Жеке турға да баруға болады, мысалы, Қызыл теңізді яхтамен аралсаңыз болады. Оған кемі 300 доллар кетеді. Пандемияға дейін Мысырдан Израиль немесе Петраға пароммен барып келуге болатын еді.

Сапар шеккенде ақшаңызға ие болып жүріңіз. Оның бірнеше амалы бар: 

  1. 1

    Телефоныңызда мобайл банкиң болсын. Картаңыз ұрланса, шотыңызды интернеттен дереу бұғаттай аласыз. 

  2. 2

    Әмияныңызды қанша ақша барын жазып алыңыз. Жоғалған әмияныңызды біреу тауып алса, ішінде не барын сипаттаңыз деген талап қойылуы мүмкін. 

  3. 3

    Банкоматтан ақша аларда абайлаңыз, ең дұрысы — ақшаны банк, қонақүй немесе әуежайда орналасқан банкоматтардан алыңыз. 

  4. 4

    Бар ақшаны бір жерде сақтамаңыз. Бір бөлігін шабаданыңызға, өзге бөлігін киімнің ішкі қалталарына салыңыз.

3

0

,

Сізге қызық болып қалар:

Тамақ, баспана, жол, ойын-сауық пен экскурсияға аз ақша жұмсаймыз

Тамақ, баспана, жол, ойын-сауық пен экскурсияға аз ақша жұмсаймыз

Елден жырақ жүргенде адасып кетпеудің амалы

Елден жырақ жүргенде адасып кетпеудің амалы

Осы айдардан:

Қызық жерлерге толы арзан автобус сапары
03.04.2023

Қызық жерлерге толы арзан автобус сапары

Мысалға сүйене отырып айтып береміз
24.03.2023

Мысалға сүйене отырып айтып береміз

Дайындық, жоспарлау мен ең жақсы бағыттар туралы нұсқаулық
21.10.2022

Дайындық, жоспарлау мен ең жақсы бағыттар туралы нұсқаулық

Ақшаңызды неге үнемдеуіңіз керек?
22.09.2022