aviata.kz

Жария офертасы

Әуе билеттері Жария офертасы

Aviata.kz-тің жария офертасы

Қазақстан Республикасы, Алматы қаласы, Гагарин даңғылындағы 124-үйде орналасқан, бұдан ары «Агент» аталатын «Aviata» ЖШС бұдан ары «Клиент» аталатын кез келген жеке тұлғаға ақылы қызметтер мен интернет сервис, бағдарламалық жасақтама мен басқа бағдарламалық өнімдер (бұдан ары – Қызметтер және/немесе Өнімдер) ұсынады.

Осы ұсыныс ҚР Азаматтық кодексінің 395-бабына сай жария оферта (бұдан әрі – келісімшарт) деп аталады. Клиент конклюдент әрекет жасаса, мысалы, Агент жүйесіндегі Агенттің сайтында билет іздесе, брондаса және сатып алса, осы келісімшартта жазылған талаптарға толық әрі сөзсіз келісті (акцепт) деген сөз.

1. Терминдер мен анықтамалар

1.1 Агенттің сайты – Интернет жүйесіндегі aviata.kz, www.aviata.me сайттары. Онда Клиенттерге тәулік бойы тегін ақпарат ұсынылады. Оның ішінде осы Шартты жасасу және орындау үшін қажет ақпарат бар. Одан бөлек, сайтта Агенттің барлық ресми құжаты жарияланады және т. б.

1.2 Дүниежүзілік дистрибуция жүйесі (GDS) – ұшақ билеттерін дүниежүзіне тарататын, әуе компанияларының көбі қолданатын жүйе.

1.3 Бронь – Клиенттің атына белігілі бір бағаға жазылған, нақты әуе компаниясының ұшақ билетін нақты бағытқа, нақты күнге резервке қою.

1.4 Билет – (жолаушы билеті мен багаж түбіртегі) – әуе компаниясы немесе оның агенттері беретін, жолаушыны ұшақпен тасымалдау туралы келісімшарт барын дәлелдейтін тасымалдау құжаты.

1.5 Лоукостерлер, авиадискаунтерлер – ұшақ билетінің бағасы кәдімігі әуежол компанияларының билетінен бірнеше есе төмен болуы мүмкін аз бюджетті әуе тасымалдаушылары. Әдетте мұндай төмен бағаға мыналар себеп: бортта тегін ас берілмейді, қолжүк пен багаж ақылы болады, әуе тасымалдаушылары өзге де шектеулер қояды. Мұндай авиатасымалдаушылар туралы ақпарат Агенттің сайтында бөлек бөлімде тұрады, ал олардың билеті іздеу жүйесі тауып берген билеттер арасында «лоукостер» деп белгіленеді.

1.6 Аралас билет – екі және одан көп әуе компаниясын пайдалана отырып жол жүру билеті.

1.7 Қайырымдылық – Клиент «Жол жүрі гранттары» жобасы аясында «Болашақ» корпоратив қорына қайырым ретінде беретін сома. Қаржыны ол Агенттің сайты немесе мобайл қолданбаларынан билет брондағанда өз еркімен береді. Сома клиент таңдаған тапсырыстың құнына қосылады.

2. Клиенттің құқықтары мен міндеттері

2.1 Клиент өзі енгізген жеке деректері мен өзге жолаушылардың деректері дұрыс екеніне жауап береді.

Жолаушының жеке мәліметі өзгертілгенде, халықаралық стандарттарға сай, билет жарамсыз болып қалады. Оны бар тарифке қайта рәсімдеу керек.

2.2 Агент Клиент брондау кезінде көрсеткен электрондық поштаға Билет (маршурт түбіртегі) бар хат жолдаса, Билет сатып алынды деп есептеледі.

2.3 Aviata.kz сайтынан билет сатып ала (төлей) отырып Клиент өзі көрсеткен электрондық поштаға жіберілген Билет тарифі туралы ережені оқып, түсінгенін және оған келісетінін растайды және/немесе Агент Жария офертада өзіне электрондық поштаға жазып және/немесе «Байланыстар» бөлімінде көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалып, билет сатып алғанға (төлем жасағанға) дейін тариф ережелері туралы қазақша және/немесе орысша түсініктеме алу құқығы барын хабарлағанын растайды.

Клиент тариф ережесі туралы қазақша және/немесе орысша түсініктеме алу үшін қолдау көрсету қызметіне жүгініп-жүгінбейтінін өзі шешетінін растайды және Агент төленген билетті ауыстыру және қайтаруға байланысты барлық рәсімді тек тариф ережелеріне сай орындайтынына келіседі әрі өзі тариф ережелеріне келіскендіктен оған не оның белгілі бір бөлігіне наразы болмайтынын растайды.

2.4 Клиент қолжүк пен багаждың рұқсат етілген салмағы, габариті мен санына қатысты ақпаратты өзі анықтауға тиіс. Клиент Агенттің сайтында рейске интернеттен тіркелу қызметін таңдаса, жолаушы(лар) тасымалдаушының онлайн тіркелуге қатысты ережелерін, қауіпті жүк тасымалдау және тасымалдауға болмайтын заттар туралы ережелерді оқып, (Клиенттің көмегімен Агенттің сайтындағы функционал арқылы) онда жазылғандарға келісуі керек. Жолаушы(лар) тасымалдаушының әр ережесін, норматив талаптарын бұлжытпай орындауы керек. Орындамаған жолаушы(лар) жауапкершілікке тартылады.

2.5 Клиент ұшарда қандай құжат (ішкі құжат немесе халықаралық паспорт) көрсету керегін, баратын ел немесе ұшақ ауыстыратын елге кіру үшін виза, рұқсат, вакцинация паспорты, сақтандыру полисі мен басқа да құжат қажет немесе қажет емесін өзі анықтауға тиіс, сонымен бірге Агент берген барлық ауызша ақпарат кеңес саналады және берілген күні ғана жарамды мәлімет болып есептеледі.

2.6 Агент ауызша берген барлық ақпарат кеңес саналады және берілген күні ғана жарамды мәлімет болып есептеледі.

3. Агенттің құқықтары мен міндеттері

3.1 Клиент ұшақ билетін банк картасынан төлейтін болса, Агент Клиенттен карта нөмірінің бірінші 6 және соңғы 4 цифры анық көрінетін скан/фотосуретті және жеке куәлік көшірмесін сұрауға құқылы. Клиент бермейтін болса, Агент қызмет көрсетуден бас тартуға, сондай-ақ Клиент оның алдында алған ұшақ билеттерінің күшін жоюға құқылы.

3.2 Агент Клиенттің электрондық поштасы мен телефон нөміріне баға өзгергені, бронь және рейс өзгерістері туралы хат я хабарлама жолдауға құқылы.

3.3 Клиент берген жеке мәлімет (аты-жөні, мекенжайы, e-mail, кредит картасының нөмірі) құпия саналады және ҚР заңы міндеттемесе үшінші жаққа жария етілмейді.

3.4 Билет брондалғанға дейін сайт, мобайл қолданбалар мен ақпараттық жіберілімдерде жарияланған бағалар туралы ақпарат оферта емес.

Билет саны шектеулі болғандықтан нақты баға құжат деректері енгізіліп, билет брондалды деген ақпарат шыққаннан кейін ғана көрсетіледі.

3.5 Агент Клиент берген қайырым сомасын «Болашақ» корпоратив қорының есепшотына аударғанда сомадан банк аудармасы үшін 1% комиссия шегеріп қалады.

4. Ұшақ билетін қайтару және ауыстыру

4.1 Ұшақ билетін ауыстыру және қайтару рәсімдері тәулік бойы әуе компаниясы белгілеген тариф ережелеріне (бұдан әрі – Тариф ережелері) сай жүзеге асырылады. Тариф ережелері Клиент билетті брондағанда енгізген электрондық поштаға жіберіледі. Клиент билетін Жеке кабинеті мен мобайл қолданбада қайтара (ауыстыра) алады.

4.2 Ұшақ билетінің күші жойылғаннан кейін билет құны тек Тариф ережелеріне сай қайтарылады.

4.3 Билет ауыстыру ақылы. Қазақстан Республикасында ішкі рейс билетін ауыстыру құны — 1500 (Бір мың бес жүз) теңге, халықаралық рейс билетін ауыстыру құны — 4000 (Төрт мың) теңге. Билет ауыстырғанда айыппұл сомасы мен жаңа және ескі билеттің айырмасын төлеу қажет. Сома сайт есептеп бергенде ғана жарамды болады және кез келген сәтте өзгеруі мүмкін.

4.4 «FlyArystan» әуе компаниясының билетіндегі жолаушы аты не тегі түзетілетін болса, әуе компаниясының ережесіне сай 1000 (Бір мың) теңге айыппұл салынады және мынадай мөлшерде қосымша сервис алымы алынады: Қазақстан Республикасының ішкі рейстеріне – 2500 (Екі мың бес жүз) теңге, халықаралық рейстерге – 4000 (Төрт мың) теңге. Әуе компаниясының ережелерінде жолаушы атын я тегін жазғанда кететін қателер саны мен сипатына шектеулер қарастырылған. Бұл ережелерді мына жерден оқи аласыз (танысып шыққаныңыз жөн). Ережелерді әуе компаниясы ешкімге ескертпей өзгерте алады.

4.5 Ұшақ билетін қайтару ақылы. Қазақстан Республикасында ішкі рейс билетін қайтару бағасы — 2500 (Екі мың бес жүз) теңге, халықаралық рейстің билетін қайтару құны — 4000 (Төрт мың) - 7000 (Жеті мың) теңге. Оның нақты бағасы Клиентке қайтару құны есептелетін кезде көрсетіледі.

4.6 Клиент билетін мәжбүрлі түрде қайтарғанда ақы алынбайды.

4.7 Ұшақ билетін қайтару үшін жолаушы пайданылмаған ұшу купоны бар билетті кері береді. Ұшу купоны пайдаланылған билет жолаушыны тасымалдау және ақшаны қайтару үшін жарамсыз саналады. Әуе компаниясы жолаушы мен оның багажын тасымалдауға арналған ұшу купондарын жолаушы купонында көрсетілген жөнелу орнынан бастап қатаң реттікте ғана қабылдайды.

4.8 Лоукостер билеттері ауыстырылмайды және қайтарылмайды.

4.9 Қосымша қызметтердің ақысы, мысалы, рейс ұшпайтыны немесе кідіретіні туралы SMS-хабарламаға кеткен қаражат ұшақ билеті қайтарылғанда кері берілмейді.

4.10 Балалар билетін бөлек брондау ақылы. Құны — 2500 (Екі мың бес жүз ) теңге.

4.11 Агент аралас билеттегі әр билет үшін сервис алымын алады.

5. Тараптардың жауапкершілігі

5.1 Клиент Агенттің сайтында белігілі бағытқа билет іздегенде шыққан бағалар ақырғы баға саналмайды, нақты баға бронь деректерін толтыруға арналған бет ашылғанда ғана көрсетіледі және сол уақытта ғана жарамды, оның үстіне «Брондау» батырмасын басқанда ДДЖ-да жеткілікті орындар бар-жоғына қарай Билет бағасы тұрақталады.

5.2 Әуе компаниясы 30 минуттан астам уақыт бойы жасалатын броньды ақысы төленіп, билет ретінде рәсімделгенше өзгертуі немесе жоюы мүмкін. Сөйтер болса, оны Агентке ДДЖ арқылы хабар береді.

Агент брондалған билеттің бағасы өзгергені үшін жауап бермейді, алайда Клиентті брондау кезінде көрсетілген электрондық поштаға немесе мобайл телефонға хабар жібере отырып, бронь өзгергенін жеткізу үшін барын салуға тиіс. өзі

5.3 Клиент жолаушыға бір рейске екі және одан көп бронь жасаса, әуе компаниясы олардың ең арзанын жоя алады.

5.4 Агент рейс орындалмайтыны немесе кідіретіні туралы SMS-хабарламаларды әуе компаниясының автоматтандырылған хабарландыру арналары арқылы ұсынған деректерге сүйеніп жібереді. Агент бұл ақпарат уақытылы әрі толық болатынына жауап бермейді.

5.5 Рейске интернеттен тіркелу қызметі Агенттің тиісті әуе компанияларының платформаларына қосылып-қосылмағанына байланысты істейді. Сондықтан Агент рейске тіркеу қызметінің жұмысы мен қолжетімділігіне, жолаушылары әуе компаниясының талаптарын орындамағанына жауап бермейді.

5.6 Клиент билетті өзі Жеке кабинет арқылы қайтарғанына жауапты болады. Билет қайтарылса, оны қалпына келтіру мүмкін емес.

6. Өзге шарттар

6.1. Клиент онлайн сервисін қолданғанда Сайтқа тіркелуі, соның ішінде автомат режимде тіркелуі мүмкін екеніне және өзінің электрондық мекенжайына хат пен хабарламалар, соның ішінде жарнамалық сипаттамадағы хабарламалар жолдануы мүмкін екеніне келіседі.

6.2. Клиент осы шартта Сайтта ұсынылатын қызметтер, соның ішінде үшінші жақтан қызмет алу үшін Агентке жеке мәліметін беруге, жинауға және өңдеуге, пайдалануға келісім береді.

6.3. Клиент осы шартта Агенттің Клиенттің жеке мәліметін таратуға, соның ішінде шетелде орналасқан тұлғаларға және үшінші жаққа және Агент мәлімдеген, Клиенттің жеке мәліметін жинау мақсаттарынан өзге жағдайларда жинауына келісім береді.

6.4. Клиент осы шартта https://ffin.money/ интернет-ресурсы тиесілі «Freedom Money» МҚҰ ЖШС серіктесіне Клиентке қызмет көрсету үшін Клиенттің жеке мәліметін деректерін жинауға және өңдеуге, сондай-ақ сақтауға және пайдалануға келісім береді.

7. Ақпарат хабарламалары

7.1 Клиент SMS пен электрондық пошта арқылы Aviata.kz компаниясының қызметі туралы ақпарат, жарнама және науқан ұсыныстары бар және сату туралы ақпарат бар хабарламаларды алып отыруға, сондай-ақ Aviata.kz серіктестерінің жаңалықтары мен ұсыныстарын хабарламадан біліп отыруға келісім береді.

7.2 Клиент қызмет көрсету сапасының артуы және өзінің ауызша мәлімдемесін растау, қызмет ыңғайлы бола түсуі үшін ғана жолаушылардың паспорт деректерін сақтау үшін телефон арқылы сөйлескенде айтқанын жазуға келісім береді.

7.3 Клиент Aviata.kz мобайл қолданбасын пайдаланғанда мынадай ақпарат берілетінін біледі және оған келіседі: клиенттің мобайл құрылғысындағы операциялық жүйенің түрі, қолданба нұсқасы мен сәйкестендірушісі, желі сапасы, қолданбаны пайдалану статистикасы және басқа да техникалық ақпарат.

Aviata.kz
InstagramYouTubeFacebookTwitter
Astana Hub

«Aviata» ЖШС © 2010—2024